ҚАПАЛ ҚАЙТА ТҮЛЕЙДІ: СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ТАРИХИ ӨҢІРГЕ АТ БАСЫН БҰРДЫ

Уақыты: 11.07.2021
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақсу ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Ләззат Сүлеймен барды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Халық қалаулылары алдымен ауылдық емхана жұмысымен танысты. Мұнда 3 дәрігер, 30 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Емдеу мекемесінде дәрігер тапшы. Ауыл тұрғындары акушер-гинеколог, хирург дәрігерлердің жетіспейтіндігін айтады. Қапал өңірінде төрт мыңға жуық тұрғын бар. Таулы аумақтың ауылдары шашыраңқы орналасқандықтан «Жедел жәрдем» көлігі әрқашан дайын тұруы керек. Өкінішке қарай, медицина көліктері ескі, жиі бұзылатын көрінеді. Бұл орайда депутаттар мәселемен жіті танысып, облыс басшылығы арқылы көліктерді жаңалауды қолға алатындарын жеткізді.

Емхана 1985 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаты жасалуда. Жергілікті әкімдік өкілдері аталған мәселелер жуық арада шешімін табатынын айтты.

Депутаттар одан кейін қасиетті Тамшыбұлаққа барды. Мұнда аудан сәулетшілері қасиетті судың жан-жағын көріктендіру мен тынығуға лайықтап жасаудың эскизін жасап қойыпты. Әдемі көріністі алаңқайдың сәулеті Бақытжан Жұмағұловқа ұнап, бұл бағытта қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қапалдағы тағы бір жақсы жаңалық – тарихи құндылықтарды қалыпқа келтіру үшін Шаяхмет байдың үйі жөнделіп жатқаны. Депутаттар түпнұсқасы сақталып, жөндеу жүргізіліп жатқан өз заманының дәулетті адамының баспанасын көрді. Аталған тарихи нысанды күрделі жөндеу жұмысы құптарлық іс екенін жеткізді. Халық қалаулылары одан кейін Ғали Орманов мектебіндегі оқушылардың жазғы лагеріне барды. Онда Бақытжан Жұмағұлов мемлекет тарапынан ұстаздар мен оқушыларға жасалып жатқан жағдайға тоқталды.

– Бәріміз ауылдан шықтық. Оқимын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Қолдау көрсетіледі. Қазір шетелдерде білім алудың да маңызы артып келеді. Шәкіртақы жылдан-жылға өсіп жатыр, – деді ол.

Депутаттар Ғали Орманов атындағы мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесті. Онда тұрғындар мал жайылымы, жер, медицина саласы жайлы сұрақтар қойды. Депутаттар өздерімен бірге жүрген әр салаға жауапты облыстық басқарма өкілдеріне халық көкейіндегі мәселелерді назарда ұстау қажеттігін алға тартты. Қапал ауылының әлеуетін көтеру, тұрғындардың мәселелеріне құлақ түріп, дер кезінде шешілуіне ықпал жасау жергілікті әкімдіктің ғана емес, баршаға ортақ міндет. Өйткені, Қапал – тарихи құндылықтар көп сақталған киелі өңір. Сондықтан, бұл мекен болашақта туризмнің төріне айналып, тарихымызды танытатын елді мекендердің бірі болмақ.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы