АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР ҚЫСТА ТӨРТ АДАМ УЛЫ ГАЗДАН КӨЗ ЖҰМҒАН

Уақыты: 17.08.2022
Оқылды: 1224
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың қатысуымен комиссия отырысы өтті. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ өкілдері және аудан әкімдері мен салаға жауапты басқа да қызметкерлер қатысты.

Жиында алдағы жылыту маусымына дайындық және қыс кезіндегі жол қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Д.Қасымов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А.Раудың баяндамалары тыңдалды. Белгілі болғандай, төтенше жағдайлардың туындау себебі, көбіне ауа райы жағдайына байланысты орын алатыны айтылды. 

Қалай десек те қысқы уақытты қауіпсіз жағдайда өткізу керек. Ол үшін әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет. Авариялар туындаған жағдайда жылу жүйелеріне жедел тексеру жүргізген жөн. Сондай-ақ, уақытылы отын-қорларын түгендеп, жылу қазандықтарын реттеп, электрмен қамтудың дербес көздерінің жұмысына тұрақты бақылауды ұйымдастыру, гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізу, қысқы кезеңде гидротехникалық құрылыстардың апатсыз жұмыс істеуін қатаң бақылау, әлеуметтік мақсаттағы нысандарға, тұрғын үйлерге және сумен жабдықтау көздеріне жолдар мен кірме жолдарға дер кезінде тазалау жұмыстарын атқару маңызды. 

Айта кетейік, былтырғы және биылғы өткен жылыту кезеңінде облыс аумағында 223 өрт болып, 11 млн. теңге материалдық шығын орын алған, 10 адам қаза тауып, 1 адам жарақаттанған, улы газдан 9 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болған. Статистикалық деректер бойынша өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында тіркелген. 

Өрттің негізгі себептерінің бірі – пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Пештен шығатын өрт көбіне жылыту маусымы мен күннің суық мезгілінде орын алады. Көбіне жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлерінде пештерді пайдалану және жабдықтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша бірқатар заңбұзушылықтар бар. Мәселен, түтін мұржаларын күйеден уақытылы тазаламау, пештерге жөндеу жүргізбеу. Бұдан басқа, облыс бойынша саяжай және бау-бақша орындарында қысқы кезеңде тұруға жарамсыз, тозығы жеткен, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер бар. Мұндай үйлердегі электр жабдықтары тозған, пеш жабдықтары күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жиын соңында Лаззат Махатұлы тапсырмалар жүктеп, қыс кезінде әлдеқандай төтенше жағдайлар туындамас үшін оның алдын алу шараларын күшейту бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін айтып, салаға жауапты қызметкерлерге ескерту жасады.  

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Қонаев қаласы

Алматы облысы