ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРДЕ ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 25.08.2022
Оқылды: 929
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелдігі мен тыныштығын күзететін әскери қызметшілер екені анық. Әскери қызметте жасалған құқықбұзушылық тұрақсыз факторлардың бірі болып табылады. Ол армияға ғана емес, жалпы мемлекеттің дамуына да зиян келтіреді.

Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдерде құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған кездесулер өтті.

Бір айға созылған шарада әскери полиция қызметкерлері әрбір әскери бөлімде болып, жеке құраммен кездесті. Оларға құқық бұзушылық жайлы деректерді жеткізіп, әскери қызметшілерді ондай іс-қимылдан аулақ болуға шақырды.

– Талдықорған гарнизонының әскери бөлімдерінде құқық бұзушылық оқиғалары сирек кездеседі. Оның себебі, профилактикалық алдын алу іс-шараларының тұрақты түрде өткізілуінде болып отыр, – деді әскери полиция бөлімі анықтау және іздестіру бөлімшесінің аға офицері, әділет майоры Нұрбол Зейтинов.

Кездесу барысында әскери полиция өкілдері жеке құрамның сұрақтарына жауап беріп, «Армияда қылмысқа орын жоқ» аясындағы өткізілетін профилактикалық іс-шаралардың жеке құрамға тигізетін маңызы зор екенін жеткізді.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Жетісу облысы