ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЗАҢСЫЗ ПӘТЕР АЛҒАНДАР ТЕКСЕРІЛІП ЖАТЫР. КОМИССИЯ ҚҰРЫЛҒАН

Уақыты: 25.08.2022
Оқылды: 893
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Jetisý media» ақпараттық алаңында Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевпен баспасөз мәжілісі өтті.

Брифингте қала басшысы алдымен жылыту маусымына дайындық жайын баяндады. Одан кейін «Талдықорған Жылу Сервис», «Жетісу су құбыры», «ТАТЭК», «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемелерінің жұмысына тоқталып, аз-кем мәлімет берді. Сонымен бірге, облыс орталығын көгілдір отынмен қамту мәселесіне қатысты тың ақпараттарымен бөлісті.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда «Үйтас» саяжайына газ тарту жұмысы әлі аяқталмаған. Бұл қатарда қалаға қарасты Пригородное, Ынтымақ және үшінші бөлімше елді мекендері де бар.

Баспасөз мәжілісінде белгілі болғандай, қалада 138 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде, 27-сі денсаулық сақтау мекемесіне, 58-і білім беру, 16-сы мәдени, 22-сі спорт, 15-і әкімшілік нысанға жатады.Қаланың әлеуметтік дамуына тоқталған Әсет Дүйсебекұлы тұрғындарды баспанамен қамту жайынан ақпарат берді. Әкімнің мәліметінше, талдықорғандықтарды баспанамен қамтуда қандай заңбұзушылық орын алғаны жайлы егжей-тегжейлі зерттеу жүргізілген.

Нәтижесінде, бірнеше қордаланған проблема анықталған. Біріншіден, мұрағатта бұрын берілген және жекешелендірілген пәтерлер туралы мәліметтер базасы жоқ болып шыққан. Екіншіден, арнайы есеп жүргізілмеген. Үшіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған несиелік тұрғын үйлерді екінші деңгейлі банктер  арқылы үлестіруде заң бұзылған. Негізінен, аталған бағдарлама бойынша үй беру «Отбасы банк» арқылы жүзеге асуға тиіс болған.

Қордаланған келесі мәселе «KEZEKTE» порталына байланысты. Мұнда кезекке тұрғандардың тізімі реттелмеген. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде базаға енгізілген мәліметтер бойынша 1144 азаматтың кезегі қайта қалпына келтірілген. Жоғарыда аталған заңбұзушылықтар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен «Отбасы банк» мекемесіне кешенді тексеру жүргізу үшін хат жолданған.

Тұрғын үйлерді тексеру қорытындысы бойынша бұрын заңбұзушылықпен бөлінген 1066 пәтер анықталды. Бұл пәтерлерде кімдер тұратынын тексеру үшін 2022 жылдың 21 шілдесінде прокуратура, полиция және әкімдік өкілдерінің қатысуымен 54 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Олар әрбір үйді електен өткізді. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша 395 тұрғын хабарлама алған. Мемлекеттік тұрғын үй қорына 43 пәтер қайтарылған. Сонымен бірге, 244 талап-арыз бойынша сот процесі басталды.

Қала әкімінің айтуынша, бюджеттік қызметкерлер арасында да пәтерін қайтарғандар бар. Бүгінгі таңда қайтарылған 11 пәтер кезекте тұрғандар арасында қайта бөлінген. Пәтерлерді қайта үлестіруде әлеуметтiк аз қамтылған отбасылар назарға алынады. Тексеріс кезінде белгілі болған 256 қызметтік пәтерді пайдалануға тиісті құрылымдардың балансына беру туралы қаулы жобасы дайындалды. Бұл бойынша мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік пәтерлері заңдастырылып, жұмыс берушімен келісімшарт жасалады.

Жиын соңында Талдықорған қаласының әкімі журналистердің барлық сауалына жан-жақты жауап берді.

Еске салайық, заңсыз алынған пәтерін қайтарып бергендердің арасында Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың көлік жүргізушісі де бар.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Жетісу облысы

Сурет - ғаламтордан