САРЫӨЗЕКТІҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫ ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНЫП ҚАЛДЫ

Уақыты: 25.08.2022
Оқылды: 938
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының екі тұрғыны интернет-алаяқтардың алдауына түсіп, жиған-терген бар қаржысынан айырылған. Атап айтқанда, 1989 жылғы және 1990 жылғы туған екі азамат бірнеше минут ішінде 2,5 миллион теңгеге жуық қаржысын беймәлім есеп-шотқа аударып жіберген.

Жетісу облыстық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімі мамандарының айтуынша, екі тұрғын әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаға алданған.

– Бірінші жағдайда алаяқтардың әрекетінен Сарыөзек ауылының 33 жастағы тұрғыны зардап шекті. Ол Instagram-дағы түрлі ақшалай жобаларға инвестиция салуға қатысты сілтемеге сеніп, 1 293 000 теңгесінен айырылған. Өзі экономист болып жұмыс істейтіндігіне қарамастан ол алаяқтардың айла-шарғысынан құтыла алмаған. Басында әйел адам өз қаражатын көбейту үшін белгісіз адамға сілтеме бойынша 100 мың теңге жібергені анықталды. Алғашында жіберілген сома едәуір өсіп, бірнеше күн ішінде алаяқтарға тағы да қосымша өз қаражатын салған. Нәтижесінде, бар жиған ақшасынан айырылды, – дейді мамандар.

Департамент таратқан ақпаратқа сенсек, биыл облыста 55 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Олардың бәрінде құрбандар өз жинақтарын түрлі инвестициялық жобаларға салып, алданған. Алаяқтар танымал актерлар мен мемлекеттік шенеуніктер сынды медиа тұлғалардың суреттерін пайдаланып, жалған әлеуметтік желілерге сілтеме жасайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"