ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАНЫ БҰЗДЫ

Уақыты: 20.09.2022
Оқылды: 1067
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті «Ескелді ауданы әкімінің аппараты» ММ әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері барын мәлімдеді.

Заңбұзушылық «Алматы облысының парапланерлік спорт федерациясы" ҚБ-нің өтінішін қарау барысында анықталды. Өтініште аталған федерация жергілікті әкімдіктен Ескелді ауданы Төлеңгіт ауылдық округінде орналасқан жер учаскесін парапланерлік спортты дамыту үшін беруі туралы айтылған. Әкімдік жауабында мал жаю үшін жайылымдық алқаптарда жер учаскелері елді мекен шегінде берілмеуіне байланысты бас тартылғаны көрсетілген. Бұл, әрине, дұрыс қадам. Алайда әкімдік басқа субъектінің дәл осындай өтінішіне рұқсат берген болып шықты.

Әкімдіктің жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттері парапланерлік спорт қызметтерін көрсететін нарық субъектілері арасында адал бәсекелестікті шектеген. Себебі, әкімдіктің парапланерлік спортты дамыту үшін жер учаскесін беруге ешқандай құқығы жоқ. Берілген жер учаскесі мемлекеттік меншікте және жайылымдық жер болып табылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"