АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ДА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІС: ЕКІ МЕКЕМЕГЕ ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 20.09.2022
Оқылды: 1207
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында соңғы бір апта көлемінде тағы да ауыс-түйіс болды. Алматы облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына Дастан Шалтабаев, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу департаментнің басшылығына Барлық Төреханов тағайындалды.

***

Дастан Тұрарбекұлы 1973 жылы туған, білімі жоғары. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «Құрылыс бұйымдары мен конструкция өнімдері» мамандығы бойынша, 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдары Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы, сектор меңгерушісі, ҚР бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнындағы шаруашылық басқармасының, ҚР Ұлттық банкінің диспетчері, Алматы облыстық білім департаментінің бас маманы, құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Алматы облыстық департаментінің бас маманы, Жамбыл, Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы, мемлекеттік сатып алу басқармаларының басшысы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған қаласының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, Алматы облысын дамыту бойынша «Алатау» акционерлік қоғамы өкілдігінің басшысы, Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған.

2022 жылдың тамыз айынан Жетісу облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымында болды.

***

Барлық Әдепханұлы 1979 жылы туған, білімі жоғары. 2012 жылы Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін бітірген, 2013 жылы «Қоғамдық саясат және менеджмент» мамандығы бойынша Дюк университетін (Солтүстік Каролина штаты, АҚШ) аяқтаған, Заңгерлер қауымдастығының мүшесі.

Еңбек жолын 2000 жылы «Ақнұр» ЖШС директорының орынбасары болып бастады. Әр жылдары жеке ұйымдарда және Астана қаласы бойынша «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-да түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

2007 жылдан бастап 2012 жылға дейін Түрксіб аудандық әділет басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2012 жылдан 2018 жылға дейін Алматы облысының әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды. Сондай-ақ, үш жыл бойы «Samruk – Kazyna Trust» АҚ Жобаларды басқару департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Алматы облысының Талғар ауданы əкімінің орынбасары қызметінде 2021 жылдан бастап 2022 жылға дейін жұмыс атқарған. 2022 жылғы маусым айынан бастап осы уақытқа дейін Жамбыл облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті (ТМРКД) басшысының орынбасары қызметін атқарды.

***

Алматы облысы әкімдігі аппарат басшысының бұйрығымен Аманжол Кеңесбайұлы Әбдірахманов Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Аманжол Кеңесбайұлы 1977 жылы туған, білімі жоғары. 1998 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2011 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Алматы қаласының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында бастаған.

Әр жылдары Алматы қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығының маманы, ҚР Әділет департаментінің маманы, жетекші маманы, Астана қаласы Есіл ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары, директоры, Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры, Алматы облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары, директоры, Алматы қаласының Әділет департаменті бас маманы, басшысының орынбасары, басшысы лауазымдарын атқарған.

2021 жылдың ақпан айынан Алматы облысы әділет департаментінің басшысы лауазымында.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды