ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ЖАҢА НӨМІР БЕРІЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 21.09.2022
Оқылды: 1417
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Жетісу облысында көліктің жаңа тіркеу нөмірі белгілі болды. 19-ншы өңірдің алғашқы мемлекеттік нөмірін 35 жастағы тұрғын алды", - деп хабарлайды Жетісу облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз қызметі.

Тарихи сәтте ең алғашқы болып көлігіне жаңа мемлекеттік нөмір алған Біржан Жаңғабылов:

"Елімізде Жетісу облысы 19-ншы өңір болып тіркелді. Соған сәйкес "019 ААV 19" номерін автокөлігіме алдым. Тіркеу 20 қыркүйек күні түнгі сағат 23:30-да жүргізілді. Ал көлік нөмірі бүгін таңертеңгі сағат 09:00-де берілді. 35 жастамын. Талдықорған қаласының тұрғынымын. Осындай тарихи сәттің куәсі болғанға қуаныштымын", -  деді.

Жетісу облысына жаңа нөмірлерді тіркеу 20 қыркүйектен басталды. Ал бүгіннен бастап тұрғындардың қолына жаңа нөмірлер беріле бастады.

"Жалпы, Жетісу облысына 19-шы аймақ бойынша 500-ге жуық көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері келді. 20 қыркүйектен бастап оны тіркеп, беру басталды. Сондай-ақ, бұған дейін Алматы облысының 05 мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген Жетісу облысының тұрғындары көліктерін қайта тіркеуге ауыстырғанға дейін ескі нөмерлерімен жүруге болады", - деді Талдықорған қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы міндетін атқарушы  Болат  Айманбетов.

Айта кетейік, бүгін Жетісу облысында 150-ден аса адам көліктің жаңа мемлекеттік тіркеу нөмірін алып үлгерген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"