ТАЛДЫҚОРҒАНДА ГАЗ ЖАРЫЛЫП, БІР АДАМ ЖАРАҚАТ АЛДЫ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2707
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда таңғы сағат 5:50-де газ жарылысы тіркелді. Оқиға салдарынан бір адам жарақаттанды.

"2022 жылғы 22 қазанда сағат 05.50-де Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментіне Талдықорған қаласы, Желтоқсан көшесі бойында жеке тұрған ғимаратта (күзетші үйі) газ-ауа қоспасының жарылғаны туралы хабарлама түсті. Алдын ала болжам бойынша табиғи газ шыққан. Нәтижесінде 50 шаршы метр алаңда ғимарат қабырғасы мен төбесі құлап, заттар өртенді. Оқиға салдарынан 1982 жылы туған күзетшінің қолы мен беті күйіп қалды. Қазіргі таңда күзетшінің жағдайы тұрақты", - делінген департамент хабарламасында.

Қазіргі уақытта газдың шығу себебі анықталуда, оқиға орнында төтенше жағдай департаменті, полиция өкілдері, сондай-ақ, "ҚазТрансГаз Аймақ" газ қызметінің мамандары жұмыс істеуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"