ҚОНАЕВТА ҮШ ҚАЙРАТКЕРГЕ АРНАЛҒАН МЕМОРИАЛДЫ ЕСКЕРТКІШ БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2751
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күні мерекесі қарсаңында Қапшағай ГЭС-інде мемориалды ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш 1970 жылы ГЭС-тің салынуына ықпал еткен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың және жоба авторы, көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шөкиннің 110 жылдығына, жұмысты ұйымдастырушы Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай бой көтерді.

Ескерткішті ашу рәсімін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, "Самұрық-Энерго" АҚ-ның басқарма төрағасы Серік Түтебаев және энергетика саласының ардагері Есберген Әбітайұлы атқарды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі ұлттық мереке ретінде биыл қайта тойлана бастаған Республика күнімен және ескерткіштің ашылуымен жиналғандарды құттықтады.

– Димаш Ахметұлының және оның замандастарының бар ғұмыры мемлекетіміздің дамуы мен нығаюына арналды. Оған дәлел – Қапшағай ГЭС-інің құрылысы. Қаланың салынуы да осы стратегиялық нысанмен тығыз байланысты. Біз бүгінгі мереке қарсаңында халқымыздың біртуар перзенттерінің алдында бас ие отырып, ескерткішті ашып отырмыз. Бұл ретте "Самұрық-Энерго" және "Алматы электр стансылары" АҚ басшылығына алғыс айтамын, – деді Марат Елеусізұлы.

Келесі кезекте сөз сөйлеген "Самұрық-Энерго" АҚ-ның басқарма төрағасы Серік Түтебаев ұлы тұлғалардың атқарған қызметі мен Қапшағай ГЭС-інің қазіргі таңдағы атқарып жатқан қызметі мен су электр стансылары жүйесін дамытудағы алдағы жоспарға тоқталды.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлының немересі Елдар Қонаев бұл күннің тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, Қонаев қаласының облыс орталығы мәртебесін алып, қайта түрлене түскеніне қуанышты екенін жеткізді. "Алматы электр стансылары" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қырқынбаевқа "Қонаевтың 110 жылдығы" мерекелік медалін табыс етті. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те бірқатар энергетика саласы мамандарын Құрмет грамотасымен марапаттады.

Шара соңында жиналғандар ескерткіш алдына гүл қойып, бабалар рухына тағзым етті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы