ТАЛҒАРДА ТӘЖІК-АУҒАН СОҒЫСЫНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАРҒА БЕЛГІТАС ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 25.10.2022
Оқылды: 1512
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күніне орай Талғар қаласындағы Жеңіс скверінде Таулы Карабах, Тәжік-Ауған қақтығысында қаза болған ержүрек жауынгерлер рухына арналған белгітастың ашылуы болды.

Салтанатты шараға кеуделерін от пен оққа тосқан майдангерлер жиналды.

- 2020 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер» туралы» Заңға қол қойып, онда Ауған, Таулы Карабах, Тәжік-Ауған аумағындағы ұрыстарға қатысқандарды ардагерлер санатына кіргізген болатын. Бейбіт күнде өздерінің әскери борышын адал атқарып, ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымызды еске алуға жиналып отырмыз. Олардың ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, жастарды Отан сүюге тәрбиелеу ортақ парызымыз. Халқымыз береке-бастау – бірлікте, тыныштық пен ырыс-ынтымақта екенін терең сезінген бейбітсүйгіш ел екенін үнемі дәлелдеп келеді. Бүгінгі белгітастың ашылуы да осы ойымыздың айқын көрінісі, – деген Талғар ауданының әкімі кеуделерінде төсбелгі, медальдары жарқыраған майдандас ардагерлерді мерекемен құттықтап, денсаулықтарының мықты, отбасының аман болуына тілектестігін білдірді.

Бұдан соң республикалық «Айбын» Тәжік-Ауған шекарасы ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Ерлан Нұрғалиев, Әділбек Елеусізов бастаған ардагерлердің қатысуымен белгітастың лентасы қиылып, шымылдығы ашылды. Алқызыл гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

- Өткенді еске алмай – болашаққа жол жоқ. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін сүюге баулу – басты міндетіміз. Бүгінгі шара соның көрінісі. Белгітастың ашылуына келген әскери киімдегі азаматтардың барлығы да 40-тан асқандар. Олар бар болғаны 18-20 жасында азаматтық соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен ержүрек жауынгерлер еді. Тәжікстанның астанасы Душанбеде соғыста қаза болған отандастарымызға еңселі ескерткіш орнатылған. Біз – бауырлас халықпыз. Екінші дүниежүзілік соғыста да осы бауырластықтың арқасында жеңіске жеттік. Енді соғыс деген суық сөз естілмесін, ел іргесі аман, бейбіт заман болсын, – деді генерал-майор, Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің қолбасшысы Тоқтасын Бұзыбаев.

Салтанатты шара соңында Тәжік-Ауған соғысында шейіт кеткен бауырлар рухына бағышталып құран оқылды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы