КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІС: ТАЛҒАР АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 17.01.2023
Оқылды: 1403
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент әкімшілігінің және аудандық мәслиxат келісімімен, Алматы облысы әкімінің өкімімен Таңат Есенгелдіұлы Айдарбеков Талғар ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа әкімді өңір активіне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев таныстырды. Өз сөзінде облыс басшысы аймақ ахуалында айрықша орны бар аудан әкімдігінің алдында тұрған міндеттерді атап өтті. Олардың ішінде, ауданға инвесторларды тарту; ауданның елді мекендерін ауызсумен қамту; құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін және нысандардың уақытылы қолданысқа берілуін қадағалау; жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу; пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтару міндеттері жүктелді.

Таңат Есенгелдіұлы 1971 жылы туған, білімі - жоғары, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «экономист-бухгалтер» және 2017 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін «құқық бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Қуаныш» акционерлік қоғамының есепшісі болып бастады. Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының экономика бөлімінің бас маманы, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бөлімі басшысы, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған.

2021 жылдың маусым айынан Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы лауазымын атқарған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"