Қадым дәуірден қанына сіңген тектіліктен ауытқымай, замана көшіндегі бабаларының асыл құндылығына мирасқорлық етіп, салт-санасы мен тұрмысындағы ең озық дүниелерді келер ұрпаққа аманаттап отыру киіз туырлықты қазақтың ең ұлы парызы саналған. Бүгінгі уақытта осынау аясы кең ардақты мұраттан танбау керекпіз. Өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттің баршасын құю, олардың болашағына жарқын жол нұсқау қажет.
Еркін форматта пікір алмасу ретінде ұйымдастырылған кездесуге 150-ден аса жас қатысты. Олар ел ағаларының, лауазымды азаматтардың әрбір айтқан өнегелі сөзінен тағылым алып, арасында кеуделерін күмбірлеткен пікірді де ашық айтты.
Ықылым заманнан жастарды «ұлт болашағы» деп түйсінген халықпыз. Бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, жастар арасындағы суицид, ерте жүктілік, нашақорлық секілді дүниелер дүркін-дүркін ақпаратқа арқау, мақалаға мәйек болып жатады. Бұл ары-беріден соң күллі жастардың ұстынына теріс көзқарас қалыптастыруы, қазақ жастары деген ортақ атауға нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан тағылымды түзден емес, тектілердің ізінен алу керек екені кездесуде айтылған рухани әңгімеге астар етілді.
Желегі жасыл тау бөктеріндегі тамаша сәтте Отанды қорғау, отбасы құндылығы сияқты өзекті тақырыптар да көтерілді. Көксу ауданы бойынша 698 жас отбасы бары, оның ішінде 172-і көпбалалы екені белгілі айшықталды.
Табиғат аясындағы кездесу ашық аспан астында отандық кино көрсетілімімен түйінделіп, әрмен қарай би кешіне ұласты.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ