Б.Исабаев: "Жеке инвестиция тартуға мақсатты жұмыс істеуіміз керек"

Уақыты: 18.08.2023
Оқылды: 642
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген кеңесі өтті.

Онда бірнеше өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда облыстың 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік - экономикалық даму қорытындылары және мемлекеттік органдардың 2022 жылғы тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындылары туралы баяндалып, агроөнеркәсіп саласының дамуы мен халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру барысы талқыланды.  

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң динамика сақталды.

Мәселен, өнеркәсіпте өсім 10,3% (152,4 млрд. тг), ауыл шаруашылығында – 1,5% (104,9 млрд. тг), құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 есе ұлғайды
(66,3 млрд. тг), тұрғын үйді пайдалануға беру – 30,3% (103,9 мың ш. м.), көлік – 2,3% (79,0 млрд. тг), сауда – 1,8 есе өсті (264,0 млрд.теңге). Жыл басынан бері 1,3% өсіммен 95,3 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Дегенмен инвестициялар өсімінің оң серпініне қарамастан, қаржыландыру көздері құрылымында өткен жылмен салыстырғанда жеке инвестициялардың 18%-ға, ал 4 ауданда 1,8 есеге дейін төмендегені байқалаған. Бұл ретте Сарқан, Панфилов, Кербұлақ аудандары мен Текелі қаласының аттары аталды.

Ал бюджеттің игерілуі әзірге 99,4%. Осы орайда қалған сома құрылыс және білім, спорт пен мәдениет басқармаларының, сол сияқты бірқатар аудандардың үлесіне тиесілі. Аталған басқарламалар мен өңірлер қаражатты игеру жұмыстарын қузауы тиіс.

Жерді мемлекет меншігіне қайтару жағынан облыста жоспар артығымен орындалса да, Ескелді, Сарқан аудандары жоспарды орындамаған.

Сол сияқты облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларын орындау, азаматтардың өтініштерін қарау және басқа да критерилер бойынша мемлекеттік органдар жұмысына талдау жасаған Ж.Әмірханов арыз-шағымдарға жауап беруде Текелі қаласы, Ескелді ауданы, облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларында кемшіліктер жиі орын алғанын атап өтті.

Облыс әкімі бірінші мәселені талқылау барысында аттары жиі аталған Ескелді, Сарқан аудандарының, Текелі, Талдықорған қаласының әкімдерін орындарынан тұрғызып, кемшіліктерді жою бағытында қандай жұмыс атқарып жатқандарын сұрады. Сол сияқты азаматтардың өтініштерін қарау мерзімін ең көп бұзған Текелі қаласы мен Ескелді ауданының және Білім басқармасы мен Денсаулық сақтау басқармасына қатысты тәртіптік жаза қолданылатынын жеткізді.

- Аудан мен қала әкімдері рейтинг қорытындысындағы көрсеткіштердің төмен динамикасының себептерін талдап, осы көрсеткіштерді арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет. Осы жылы іске асырылып жатқан бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелеріне қол жеткізу, сондай-ақ, даму бюджетінің жоспарланған шығыстарын уақытылы игеру жөніндегі жұмысты жақсартыңыздар. Өңірішілік рейтингтің нәтижелері облыстың жалпы нәтижелілігіне тікелей әсер етеді, - деді облыс басшысы.

Ал өз кезегінде әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдегі агроөөнеркәсіп саласының жарты жылдықтағы жай-күйін талдап берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарын себу алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың гектарға ұлғайтылып 519,1 мың гектарды құрап отыр. Дегенмен тұқымды жаңартуға көңіл бөлмей отырған Ақсу, Панфилов, Алакөл сияқты аудандар да бар. Ақсу ауданы минералды тыңайтқышты да қажетті көлемінен өте төмен деңгейде қолданып отыр.

Ә.Жақанбаев мал тұқымын жақсартуды да аудандар назардан тыс қалдырып келе жатқанын айтты. Ол мал бордақылау алаңдарының жұмысына аудан және қала әкімдіктері мән бермейтіндіктерін, «формалды» есеп беріп отырғанын сынға алды. «Мысалы, Қаратал ауданы 2250 басқа арналған 3 бордақылау алаңына тоқсан сайын 700-800 бас мал тұрғанын көрсетеді, бірақ өндірілген еті жоқ. Осындай, өрескел қателіктер аудан және қала әкімдіктерінің өз жұмыстарына салғырт қарағандығынан орын алып отыр. Ауылдық окургтердің әкімдері электронды шаруашылық кітаптарды дұрыс толтырмайды, ветеринариялық қызметтер алынған төлді уақтылы электронды базаға енгізбейді, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары қадағаламайды, сондықтан мал шаруашылығы көрсеткіштері үнемі құбылып тұрады», - деді Ә. Жақанбаев.

Сол сияқты «Ауыл Аманаты» бағдарламасында үш ай ішінде 541 млн. теңгеге 100 өтінім мақұлданып, 124 млн. теңгеге 24 өтінім қаржыландырылған.

«Біз әлі бұл бағдарламаның игілігін көре алмай отырмыз. Оның басты себебі - жобаның мүмкіндіктерін халыққа әлі жеткізіп түсіндіре алмадық. Бағдарламасының бес бағыты бар екенін ескермей, тек мал шаруашылығына ғана басымдық берілуде. Шаштараз, наубайхана, көлік жөндеу, білім, денсаулық саласындағы қызмет көрсету сияқты басқа да бағыттарды қолға алу керек», - деді Б.Исабаев.

Осы жиында Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков, Цифрландыру басқармасының басшысы Айдын Темірбаев өңіраралық геоақпараттық жүйенің барлық мүмкіндіктерін кезекпен таныстырды. Е.Әпеков бұл жүйеде жер қоры, жер пайдаланушылардың деректері қалай көрініс тапқанын экранда мысалдармен көрсетіп берді.

Ал А.Темірбаев геоақпараттық жүйені одан әрі дамыту жұмыстарының барысы жайлы баяндады. Оның айтуынша, геопорталда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жағдайын, автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарының барысын, облыстың инвестициялық картасының іске асырылуын бақылап, мониторинг жасап отыруға мүмкіндік бар. Мәселен, автокөлік жолдарының жөндеу жұмыстарына мониторинг жасау үшін дрондарды күнделікті тиімді қолдануға болады. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қыркүйек айында аудан, қала әкімдіктеріне дрондар алып беріп, онымен түсірілім жасап, геопорталға жүктейтін мамандарды үшін оқыту ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдамламалар басқармасы басшысының м.а. Ермек Мизамбаев облыстағы жұыспен қамтудың жайына тоқталды.

Спикердің айтуынша, бірінші жарты жылдықта 20,4 мыңға тарта адам жұмысқа тартылып, бұл жылдық көрсеткіштің 64%-ын құрап, 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары орындалған. Жұмысқа орналасқан азаматтардың  74% Ұлттық жобалар және бос жұмыс орындары шеңберінде, 24% жеке бастамалар, қалған 2%-ы кәсіпкерлік бастамалары грант, микрокредит шеңберінде жұмысқа орналасқан. Қабылданған шаралар нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендедіДегенмен жұмыс берушінің жұмысқа орналасқан азаматқа міндетті зейнетақы жарнасын төлемеуі және жұмыс беруші мен жұмысшы арасында электрондық еңбек келісімшарттарының  болмауы да жиі көрініс береді. Сонымен қатар облыста бірқатар жобаларды іске асыру барысында бірде-бір бос жұмыс орны «Электрондық еңбек биржасы» порталында жарияланбаған фактілер де орын алған. Жұмыспен қамту бағытындағы Ұлттық жобалар бойынша жоспардың орындалуы аудан, қала әкімдерінің тікелей назарында болуы тиіс. Осы ретте тоғыз айда бұл жұмыстары  тағы бір мәрте қорытындыланатын болады.

«Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 60%-ы осы негізі бес салаға тиесілі», - деді Е.Әпеков.

Басқарма тарапынан облыста еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік мәселесін зерделеніп, жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізілген. Мәселен, сауалнама нәтижесінде еңбек нарығына 992 тігінші немесе киімді қалпына келтіруші (реставратор) мамандары қажет екені анықталды, бірақ аталған мамандық бойынша облыс колледждерінде жылына 120 маман (Алакөл көпсалалы колледжі, Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Ақсу агротехникалық колледжі) дайындалып шығарылады. Сол сияқты, тракторист мамандығына қажеттілік - 272 маман, дайындалатыны - 166, агрономдарға қажеттілік 137, көлік және қойма саласына 40 маман қажеттілігі бар, бірақ аталған мамандықтар бізде дайындалмайды. Колледждер өз түлектерін қағаз жүзінде «жұмысқа орналасты» деп тіркеп, жалған мәлімет береді. Ал шын мәнінде колледждерді аяқтап, жұмысқа тұратындар саны көп емес. Сондықтан экономика салаларының басым бағыттары бойынша білікті мамандар даярлауды жүйелеу және өңірде ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында колледждердің білім беру бағдарламасын жаңартып, бейінді оқытуын ұйымдастыру қажет. 

Бұл мәселеге байланысты да бірқатар аудандардың әкімдерінің жауап беруін талап еткен облыс әкімі жұмыспен қамту әлеуметтік саланың ең маңызды бағыты екенін атап өтті. Сол сияқты жергілікті әкімдерге және тиісті басқармаларға жұмыссыз жастар мәселесін шешу, Ұлттық жобалар аясындағы жоспарланған жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындау, кәсіптік оқытуды еңбек нарығы сұраныстанына бейімдеу мәселелерін қатаң тапсырды.

- Өткен 7 айдағы облыстың қорытындысы жаман емес. Бірақ біздің әлі де пайдаланылмаған әлеуетіміз бар. Жеке инвестиция тартуда мақсатты жұмыс істеуіміз керек. «Достық – Мойынты» темір жол учаскесінің екінші жолының құрылысы, «Қорғас» ХШЫО-дағы жаңа кәсіпорындар, «Aksenger LTD» ЖШС алтыны бар кендерді өндіру және өңдеу металлургиялық кешені, «Көксай тау кен байыту кешені сияқты ірі жобалар халықты жұмыспен қамтуға, инвестицияның көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс.  Аудан, қала әкімдері бүгінгі баяндамаларда айтылған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюға бағытталған тиісті шаралар қабылдасын, - деді Б.Исабаев жиын қорытындысында.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.