Ауыл жастары Алакөл жағасында

Уақыты: 18.08.2023
Оқылды: 634
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастар – ел болашағы. Оларды озық істерде жігерлендіріп, мақсат-мұраттарын шыңдау керек. Осы негізде айдынды Алакөл ауданында жастар слеті өтті. Әр елді мекеннен жиналған белсенді өрендер түрлі сала бойынша білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасты.

«Auyl jastary» слеті ең алдымен таныстықтан басталды. Аудан, қаладан жиналған 60-қа жуық ұл-қыз еш риясыз араласып, арқа-жарқа әңгіме айтысты. Езулеріндегі жылы жымиыстары мен сыңғырлы күлкілері шаттыққа толы қуаныштарын ақтарды. 

Салтанатты басқосу әрмен қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Әнші азаматтар ән шырқаса, ақындар өлең оқып, кештің көркін кіргізді.
Жиында Алакөл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бейбіт Айтахметов сөз алды. Жалынды жас буынға тілек тілеп, айрықша лебізін білдірді. Өз кезегінде «Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов ұйымдастырылып отырған шараның мән-мазмұнымен таныстырып, көпті алда атқарылар жұмыстардан құлағдар етті.

Жастар ең әуелі жоспарланған бағдарламаға сәйкес «Мемлекеттік тілде іс-қағаздарды жүргізу» бойынша білім-біліктерін шыңдады. Арнайы оқытушыдан дәріс алды. Сонымен қатар, «Сөйлеу мәнері» тақырыбындағы сабақтан мәміле барысындағы дағдыларын пысықтап, шешендік өнердің қыр-сырымен танысты. Эстафеталық ойындар ойнады. Көл жағасында серуен құрды. Олар үшін ең қызықтысы «СММ мобилография» бағдарламасы болды. Сала маманы қазіргі таңдағы гаджеттерді қалай пайдалану тұрғысында ақпарат берді. Мобилографияны тез үйренудің жолдарын үйретті. Осы салада жұмыс істеп жүрген блогерлердің тапқырлығымен тәнті еткен шығарылымдары таныстырды.

Аталмыш шараға ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, аудандық жастар саясаты филиалдарының мамандары мен жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты. Хаттамалық қағидалардан тыс, емен-жарқын өткен шараның басты мақсаты -жастардың рухын қуаттау. Тағылымды істің басы-қасында болуына ұйытқы болу.

Слеттің өтуіне мұрындық болған «Jetisy jastary» КММ мен «Alakol jastary» филиалы.  «Бұл шара жылда  жалғасын табады» дейді ұйымдастырушылар.
Медет ЖҰМАБАЙ