Тойдан қайтқан: 11 адамның Сырдарияға қалай батып кеткеніне қатысты алғашқы болжам айтылды

Уақыты: 22.08.2023
Оқылды: 562
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 Түркістан облысында Сырдария суына батып кеткен отбасы тойдан шыққан соң, су жағасына демалуға барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысында Сырдария суына батып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Әзірге 11 адамның 8-нің денесі табылды. Ал, қалған үш адамды іздеу жұмыстары кешелі бері жүргізіліп жатыр. Олардың екеуі кәмелетке толмаған жасөспірімдер.

«Өте ауыр жағдай. Бұл жерде бір әулеттің отбасы тойдан шыққан соң су жағасына демалуға барған. Баршасы шомылатын жер емес екендігін білген. Себебі, ешбірі суға шомылатын киіммен түспеген. Су жағасында отырғанда кішкентай қыздың бірі аяғы тайып, құлап кеткен. Оны құтқармақшы болып соңынан анасы секірген, әкесі секірген. Содан ағын судан шыға алмай қалған деген болжам бар. Ал, аман қалған отбасы мүшелеріне көршілері мен ағайындары көмектескен» - делінген Түркістан облысы әкімдігі тарапынан берілген ақпаратта.

Еске салайық, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы 4 ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған деген ақпарат тарады.

Суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр.

Фото: көрнекілікке алынды