Жетісу облысы бойынша медициналық сақтандыру қоры алакөлдіктермен есептік кездесу өткізді

Уақыты: 23.08.2023
Оқылды: 642
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиалы директоры Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Қор филиалының директоры бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды..

«Мәселен, ауданда 11 435 сақтандырылмаған азамат тұрады. Әринге, бұл сақтандырылмаған азаматтар да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде қажетті көмек алады. Бірақ МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесі медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады, оған бейінді дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер, емдеу мекемелеріне жоспарлы жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдану арқылы емдеу, аурулардың алдын алу, диагностикалау кіреді», - деді Қор филиалының директоры Гүлзия Таипова.

Оның айтуынша, МӘМС жүйесі денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тапшылығын азайту және азаматтар үшін қымбат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін енгізілді. 2023 жылы Жетісу облысының тұрғындарына медициналық көмекті қаржыландыруға 77,7 млрд. теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша 42,8 млрд. теңге, МӘМС бойынша 34,29 млрд. теңге қарастырылған.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар өзекті сұрақ қойды. Соның ішінде медициналық көмекке жүгінбесе, өз жарналарын қайтарып алуға бола ма деген сұрақ та бар.

Бұл сұраққа «МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, ортақ. Белгілі бір адамның медициналық көмекке жүгінген-жүгінбегені маңызды емес, өйткені мұнда жарналар жинақталатын жеке шоттар қарастырылмаған. Медициналық сақтандыру жүйесі әлеуметтік бағдарланған, пациентті денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемейді», - деп жауап берді филиал директоры.

Сондай-ақ Қор жұмысының басты бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқықтарын қорғау. Мәселен, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 201 шағым түскен, соның ішінде Алакөл ауданынан 7 шағым түсіпті. Шағымдар негізінен медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне, медициналық көмек көрсетуден бас тартуға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерге қатысты болды.

Сапар барысында филиал директоры аудандық ауруханаға барды. Осы орайда аурухана директоры арнайы мамандардың (оториноларинголог, психиатр, хирург, дерматолог, онколог және т.б.) тапшылығы барын атап өтті.

Жалпы ауданда сақтандырылмаған тұрғындардың санын қысқарту жұмыстарын күшейту, тиісті контингентті жұмысқа орналастыру шараларын қабылдау, халық арасында «сақтандырылған» мәртебесінің маңыздылығы туралы түсіндірмелер жүргізу аса қажет.

МӘМС мәселелері бойынша есептік кездесулер облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтитын болады. Жақын арада Ескелді және Панфилов аудандарында кездесулер өтпек.

 

"КЕАҚ

медициналық сақтандыру"

міндетті әлеуметтік қоры

Жетісу облысы бойынша филиалы