Италиядан Қазақстанға заңсыз жеткізілген құмырсқалар тәркіленді

Уақыты: 24.08.2023
Оқылды: 768
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Италиядан Қазақстанға  заңсыз жеткізілген құмырсқалар Алматы әуежайынан  анықталды. Тәттінің орнына 7 құтыға қатар салынып, заңсыз жөнелтілген жәндіктер тобы тәркіленді.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы "Адырна" ұлттық порталының дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Алматы халықаралық әуежайында мемлекеттік кірістер департаменті,  «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері тексеріс жүргізу барысында Италиядан келген құмырсқаларды анықтады. Қорап ішінен кондитерлік өнімдердің орнына тірі жәндіктер, болжам бойынша құмырсқалары бар 7 пробирка мен 22 пластикалық контейнер анықталды.

«Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы коды бойынша жабайы тірі жәндіктер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлар тізбесіне кіреді. Осылайша, рұқсат құжаттарынсыз тірі жәндіктерді Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды», - делінген Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарламасында.

Сапарлаушының тәтті орнына құмырсқа салып, оны Қазақстанға не себепті жеткізгені әзірге белгісіз. Аталған дерек бойынша материалдар шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жіберілді.