Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ ынтымақтастық туралы меморандум жасасты

Уақыты: 25.08.2023
Оқылды: 589
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы әкімдігі мен «ҚазТелеком» АҚ өңірдегі байланыс сапасы мен интернетке қолжетімділікті жоғарылату мәселесі бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли мен «Қазақтелеком» Ақ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің кездесуінде аймақта интернет байланысын бірлесе жақсарту мәселелерін талқылады. - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қ. Есекеев облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бұған дейін кездескенін, облыс басшысы ауылдардағы интернет сапасын жақсарту мәселесін баса айтқанын атап өтті. Және осы бағытта мекеменің атқаратын жұмыстарына қысқаша тоқталды.

- Жетісу облысында соңғы бір жылда 1,5 мың абонент талшықты оптикалық жүйеге ауысқан, жылдың соңына дейін тағы 2 мың клиент қосылады деп жоспарланған. Компания Талдықорған қаласында қыркүйек айында 5G-дің 5 базалық станциясын орнатпақ. Сол сияқты облыстың 9 елді мекенінде 9 базалық станция салынатын болады. Радиобайланыстардың мұндай инновациялық технологиялары мәлімет жіберудің жоғары жылдамдығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының жылдам интернетке, жоғары сапалы байланысқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді, - деді Қ.Есекеев.

Оның айтуынша, қазақстандық абоненттерді ADSL мәліметтер берудің ескірген технологиясынан заманауи оптикалық жүйеге көшіруге бағытталған жаңа жоба қолға алынған.

Жиында баяндама жасаған Цифрландыру басқармасының басшысы Айдын Темірбаев облыстағы елді мекендердің 94,3%-інде түрлі технологиялар арқылы интернетке қолжетімділік бар екенін, жоғары жылдамдықты интернет 134 елді мекенге тартылғанын, соның ішінде 99-ы «Қазателеком» желісі арқылы екенін атап өтті.

«Бірақ мұның бәрі сандық көрсеткіштер, сапалық көрсеткіштер емес. Көптеген елді мекендерде талшықты оптика тек мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарда ғана жүргізілген. Мобильді интернеттің жағдайы да осы шамалас. Сондықтан біз ЦДИАӨМ-мен бірлесіп облыстың елді мекендерін сапалы кең жолақты интернет жүйесіне қосудың Жол картасын жасадық. Енді екі тарап елді мекендер бойынша үйлесімді жұмыс істеп, аталған Жол картасын сапалы жүзеге асыруға бірге атсалысуымыз керек», - деді А.Темірбаев.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Рустам Али өңірде халықтың басым бөлігі ауылда тұратындықтан ең алдымен ауылдық жерлердегі, сонымен қатар туристік нысандардағы, соның ішінде Алакөл көлінің, алдағы болашақта дамыту жоспары бар Балқаш көлінің жағалауларында да интернет байланысы мәселесінің өзектілігін жеткізді. Сол сияқты облыс әкімінің аудан, қалалардағы халықпен кездесулерінде елді мекендердегі интернеттің қолжетімділігі мәселесі жиі көтерілетінін айтып, шағым түскен елді мекендердің, көшелер мен үйлердің нақты координаттары бойынша тиісті шара қабылдауды сұрады. 

Кездесу соңында қос тарап меморандумға қол қойды.