ЖАТАХҚАНАЛАРДА ОРЫН ЖЕТКІЛІКТІ

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 635
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шалғай ауыл, аудандағы мектептен түлеп ұшқан түлектердің қалаға келіп бас ауыртатын мәселесі баспана екені даусыз. Қорадағы азын-аулақ малымен күн көріп отырған отбасылар оқуға кеткен баласына ай сайын пәтер жалдауға мүмкіндігі келмейтінін айта кеткен жөн. Білім алуды борышым деп үйінен аттанған бозбала мен бойжеткеннің шаһарға жеткенде саялар орны ағайын-туыстың аядай шаңырағы мен жатақхана екені анық. Облыс орталығындағы жатақханалардың жай-күйі қалай, сын көтере ме деген сауал да бүгінгі күннің басты мәселесі екені анық.

Қазіргі таңда студенттердің еш алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет. Осы оймен ең бірінші Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне бас сұқтық. Кемшілік көрмедік, кем-кетігін түзеп жүрген құрылысшыларды көз шалды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мекеме басшысы ақпараттық технологиялар және инфрақұрылым бойынша орынбасары Еркін Әуелбаевтың айтуынша, жатақхананың ішкі жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанша толықтай аяқталады. Білімгерлер келгенше талапқа сай дайын болады.

Жалпы аталмыш колледжге қарасты 400 орынды екі жатақхана бар. Бірі екі жыл бұрын ғана қолданысқа беріліпті. Еркін Әуелбаевтың айтуынша, әрбір бөлме жуынатын, тамақ пісіретін орынмен, тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. Былтыр мұндағы барлық орын бос болмаған. Биыл оқуға тапсырғандардың 350-ге жуығы сұраныс білдірген. Білім ордасында 2100-ден аса студент білім алса, оның 40 пайызы жатақханамен қамтылады. Қалғаны қала мен жақын төңіректен қатынап оқиды екен. Жауаптылардың сөзінше, білім ордасы студенттерді жүз пайыз жатын орынмен қамтамасыз етуге дайын.

Өңірдегі І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жатақханасына да арнайы бардық. Бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін көрдік, мұнда барлығы дерлік жаңартылған. Ағымдағы жөндеуден де өткізілген. Тамыз айының 28-і бастап жатақханаға қабыладау жүргізілмек.

Өңірдегі жалғыз университетке қарасты үш жатақхана бар. Барлығы 892 орын. Мекеме басшылығы «өтініш жасаған студенттер толықтай жатын орынмен қамтамасыз етіледі», - дейді. Өткен жылы 887 білім алушыға жатақханадан орын беріліпті. Биылғы жылы бала саны артып жатқан жағдайда қосымша 32 орын дайын тұрғанын айтады. Сонымен қатар, тағы басқа мекемемен 92 орын алуға келсімшарт жасасыпты.

Жатақхана құны бір студентке бірінші, екінші ғимаратта айына 6 мың теңге болса, Қаратал жағалауындағы Студенттер үйінде 9 мың теңге. Жылына шаққанда 60-90 мың теңгеге шығып отыр.

Аталған ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі балалар мен әке-шешесі жоқтарға заң бойынша тегін тұру қарастырылған. Бұл олар үшін айтарлықтай қолдау болмақ. Мұнда студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт зал, кинотеатр, бассейн, оқу залдары бар.

Білімгерлердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалдырылмаған. Әр жатақханаға жүзден бейнебақылау камералары орынатылыпты.

 Жатақхана студенттің жаңа талап-тәрбиеге жылдам бейімделуіне жағдай жасайды. Оқуға дайындалуына, демалуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, жатақхана білімгерлер үшін достық мекені екені айқын. Бүгінгі студенттер үйінің жай-күйі алыстағы ата-ананың алаңдауына жол ашпайды. Сондықтан облыс орталығында жатақханаға тапшылық жоқ екенін тағы бір мәрте қайталағымыз келеді.

Медет ЖҰМАБАЙ