Ит пен мысықты чиптеудің қажеттілігі неде?

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 685
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ халқы ежелден ит баптап, мысық өсірген. Көкжал мінезді, қазақы иттер жылдың төрт маусымында төрт түлікті дала тағыларынан қорса, қансонарда аңшының көмекшісі атанды. Сондықтан да халқымыз итті жеті қазынаның қатарына қосты. Ал бабаларымыз мысық тұқымдас жануарлардың бағалы терісі буын ауруларына табылмайтын ем екенін ертеден білген. Сондай-ақ, мысықты кеміргіштерден қорғану үшін де қолданған.

Алайда, қазіргі таңда ит пен мысыққа деген көзқарас мүлдем басқаша. Қала мен далада қаңғыбас ит қаптап, кез келген бұрыш-бұрышта ашыққан мысықтың тамаққа таласқан шуылын күнде еститін болдық. Осыған орай, жұрт пікірі де екіге жарылды. Ит пен мысыққа құштарлығы жоқ тұрғындар: «Қаңғыбас ит пен мысықты уақытылы көзін жойып отыру керек» десе, зооқорғаушылар: «Ит пен мысық өздері қалай өмір сүргісі келсе, соған еркіндік беру керек» деп қарайды. Екі пікірдің қайсысын жақтарын білмеген ветеринарлардың басы қатып жүр.

Жалпы, елімізде үй жануарларын ұстаудың өзіндік ережесі мен тәртібі қалыптасқан. 2021 жылғы 30 желтоқсандағы  №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған. Бірақ көптеген адам осы заң туралы нақты білмегендіктен, ондағы ережелердің керекті тұстарын ғана игілікке асыруға ұмтылатындардың себебінен түрлі қайшылықтар туындап жататыны рас. Шынында, моральдық немесе заңдық тұрғыдан болсын үй жануарларын ұстауға ешкім көлденең тұра алмайды. Бірақ үй жануарларына қызығушылығы бар немесе үй жануарларын ерекше ұнататын зооқорғаушылар көптің пікірімен келісе отырып, заңдық нормаларды бағыт етіп, жұмыс жүргізгені дұрыс.

Әрине, бүгінде әлеуметтік желі деген бар. Неше түрлі сұмдықты содан көріп, жағамызды ұстаймыз. Сол қатарда қаңғыбас ит пен мысықты аулаушыларды жерден алып, жерге салып жатқан бейнебаяндарды көзіміз жиі шалады. Дәрменсіз үй жануарларыныңқорғалуына қарсы емеспіз. Алайда, қала мен далада қаптап жүрген қаңғыбас жануарлар экологиялық ортаны мейлінше бүлдіріп, адам денсаулығына залал келтіріп жатқанын да ескеруіміз керек.

Жетісу облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі таңда 11088 қаңғыбас ит пен 132 мысық ауланып, 724 ит және 32 мысық иелері мен зооқорғау ұйымдарына берілген. Одан бөлек 1383 бас қаңғыбас ит пен мысыққа кастрация жасалып, 554 бас ит пен мысыққа стерильдеу жұмыстары жүргізіліпті. Қалған 8069 қаңғыбас ит пен мысық ізгілік жолмен (эвтаназия) жойылған. 194 бас қаңғыбас ит пен мысық уақытша ұстау изоляторына орналастырылып, белгіленген 4 бағдарлама бойынша шаралар атқарылуда.

Ең ойландыратыны, биыл аталған басқармаға аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінен 600 адамды ит пен мысық тістеу, тырнау, тағы да басқа себептерімен дәрігерге жүгінгені туралы шұғыл хабарламалар түскен. Аудандық, қалалық, ауылдык округтегі ветеринариялық дәрігерлер иесі бар 324 ит, 34 мысық және 9 басқа жануарды клиникалық бақылауға алып, нәтижесінде иесіне 356  анықтама берсе,  195 ит, 34 мысық және 4 басқа жануардың (қаңғыбас) иесі табылмаған.

 – Осындай қаңғыбас, иесі жоқ ит пен мысықтың кесірінен адам денсаулығына орасан зор залал келтіретін 40-тан астам ауру таралады. Биыл жыл басынан бері ит пен мысықтан жұғатын  эхинококкоз ауруына 26, қышыма ауруына 2 адам, дерматомикоз ауруына 49, туберкулезге 25 адам, дерматофития ауруын жұқтырған 6 адам тіркелсе, трихофитияға 1 және бруцеллез ауруына 63 адам шалдыққан. Өте қауіпті саналатын микроспория, альвеококкоз, токсокароз ауруы анықталмағанына ветеринарлар шүкіршілік етіп отыр. Арамызда ауруын жасырып жүргендер де бар шығар, – дейді басқарма басшысы Нұрлан Қайдарұлы.

Осындай қауіп-қатерлерді болдырмау үшін облыстық ветеринария басқармасы барын салып жұмыс жүргізіп келеді. Соған сәйкес ҚР 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңдағы нормативтік құқықтық актілерді іске асыру бойынша биыл бекітілген 4 бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен жалпы 170 млн. теңге қаражат бөлініпті. Мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланып, 115,2 млн. теңге ні ұтып алған өтінім берушілер анықталды. 

Айталық, «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жою жұмыстарын жүргізу» бағдарламасы бойынша «РАЙХАН» ЖҚ – Ескелді, Панфилов, Алакөл, Ақсу, «КазНурПроект»  ЖШС – Қаратал, Текелі және Талдықорған қаласы, «ARLAN BM» ЖШС – Көксу,  «ҚАЙЫРБЕК» ЖҚ – Сарқан, Кербұлақ аудандарымен келісімшарт жасаған. «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау» бағдарламасы бойынша «КазНурПроект» ЖШС – Қаратал, Кербұлақ, Ескелді, Сарқан, Көксу  аудандары мен Талдықорған қаласымен, «ҚАЙЫРБЕК» ЖҚ – Текелі қаласы, Панфилов пен Ақсу ауданымен,  «РАЙХАН» ЖҚ  Алакөл ауданымен келісімшарт жасасқан. «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру» бюджеттік бағдарламасы бойынша техникалық қызмет көрсету үшін «Танба кезекте» келісімшарт жасалған. Осы бағыт бойынша «VET HELP» ЖШС – Панфилов, Кербұлақ, Ақсу, Алакөл, Сарқан және «Nur-Logistics» ЖҚ – Ескелді, Қаратал, Көксу аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларымен келісімшартқа отырған. «Қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыру» бағдарламасы бойынша «КазНурПроект» ЖШС – Сарқан, Панфилов, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласымен, «Nur-Logistics» ЖҚ – Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарымен, «Алакөл ветстанция» – Алакөл ауданымен,  «Кербұлақ ветстанция» – Ақсу ауданы «Текелі ветстанция» – Текелі қаласымен келісім шарт жасасып жұмыс жүргізуде. Бұларды нақтылап жазудағы мақсатымыз, егер қай елді мекенде үй жануарларына қатысты сұрақтар туындаса, жоғарыда көрсетілген мекемелермен хабарласуға болатындығын білдіру.

Аталған 4 бағыттың ішінде бүгінгі күні ең өзекті болып тұрғаны – «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру» бағдарламасы. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның «Үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алынатын үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» тақырыбы бойынша, облыс аумағындағы иелері бар ит пен мысықты өз қаражаты есебінен бірдейлендіруден (чиптеу) өткізу заңдық күшке енді. Чиптеуге кететін қаражат ит пен мысық иелерінің есебінен өтеледі. Егер де өз меншігіндегі ит-мысықты бірдейлендіруден өткізбеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарланды. Ал «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіру» бойынша жалпы облыстық бюджеттен 21 млн. тенге қаражат бөлініп, қазіргі уақытқа мемлекеттік сатып алу порталына конкурс берілген. Сонымен қоса, Қаржы министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы №527 бұйрығының 458 бюджеттік бағдарламасына сәйкес жануарлар үшін панажай (питомник)  және жануарларды уақытша ұстау пункттерін  салу бекітілген. Бүгінгі таңда бұл жұмыс облыс орталығы Талдықорған қаласында және аудан, қалаларда қолға алынуда.

 «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, бүгінде үй жануарларын сәйкестендіруден көптеген адам хабарсыз. Хабары бар деген күннің өзінде оған немқұрайды қарап жүргендердің де қатары көп. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін облыстық ветеринария басқармасы полиция департаменті, зооқорғаушылар және қаңғыбас жануарларды аулау қызметінің қатысуымен мамыр айынан бастап Талдықорған қаласында әр жұма сайын қараусыз қалған иттер мен мысықтарды аулау мақсатында рейд өткізуде. Тұрғындар арасында жануарлармен қарым-қатынастың жауапкершілігі туралы аңғарту жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар, жоғарыда облыс аумағында үй жануарларын сәйкестендіру жұмысымен тек екі-ақ мекеме айналысатынын айттық. Олардың чиптеуге алатын ақысы тым қымбат. Осы мәселені ескерген облыстық ветеринария басқармасы аудан, қала, ауылдық жерлердегі ветеринарлық пункттерге де үй жануарларына чип орнату мүмкіндігін берген. Осы жұмыспен облыстағы  мыңға жуық ветеринария маманы айналыса алады. Бұл тұрғындардың қалтасына жүк түсірмейді.

Осы тұста: «Ит пен мысықты чиптеудің маңыздылығы неде?» деген сұрақ туындайтыны анық. Біріншіден, үй жануарларын ұстауға деген тұрғындардың заңдық жауапкершілігін күшейтіп, ит пен мысық асырауға қатысты тәжірибесін тереңдетеді. Екіншіден, қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайтып,  адамдарға төнетін қауіпті төмендетуге, қауіпті аурулардың таралуын тежеуге болады. Дегенмен, 1 қыркүйектен бастап қолындағы ит пен мысығын чиптемеген тұрғындар айыппұл арқалайтынын да ескерте кетейік. Чипте ит пен мысық иесінің барлық дерегі көрсетілетіндіктен үй жануары өз өмір сүру аумағынан тыс жерлерде адамдарға қауіп төндірген жағдайда жануардың иесі жауапкершілік арқалайтыны анық. Сондықтан үй жануарын ұстаймын десеңіз «жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз» жөн.

Қажет Андас
Фото: ғаламтордан алынды