ЖАҚҰТТЫ  ЖАСЫЛКӨЛ

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 571
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент биылғы Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін барынша пайдалану керектігін айтқан болатын. Осы орайда  «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік паркінің қызметкерлері жаңа жоспар дайындауда. Олар дайындаған туристік бағытқа сәйкес Алакөлдің шипалы суына барғандар енді Жасылкөлге де соға алады. Көлдің айналасын дамыту алдағы күндері қолға алынбақ.

Лепсі ауылынан Жасылкөлге дейінгі аралық 20 шақырымнан асады. Оның 4 шақырымы қия беткейдегі жалғызаяқты жол. Ол жерден тек атпен немесе жаяу жүріп өту қажет. Екі сағатқа жуық жүрген соң ғана табиғат бар сұлулығын алдыңызға жайып салады. Жасылкөлдің аумағы 100 гектар. Тереңдігі 90 метрге дейін жетеді. Судың түсі жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Көлдің басты ерекшелігі де осы.

«Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері Раджиф Барлықовтың айтуынша: Жаздың шілде, тамыз айларында  мұздықтар ериді. Содан судың түсі жап-жасыл болып тұрады. Осы себепті Жасылкөл атаған. Ал көктем мен күзде суық түскенде көл суы мөп-мөлдір болады.

Мұнда балық мекен етпейді. Ертеректе ғалымдар су маржанын жіберіп көріпті. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Мамандар оны жер астынан шығатын родонмен байланыстырады. Сыры беймәлім көлдің тарихы да ерекше. 300 жыл бұрын бұл аймақта қатты жер сілкінісі болған деседі. Сол кезде таудан құлаған тастар Ағынықатты өзенінің арнасын бітеп қалған. Табиғи апат салдарынан Суықжайлау мен Ақтасты тауының ортасында Жасылкөл пайда болыпты.

 Жалпы Жетісу Алатауының қойнауындағы Жасылкөл 1650 метр биіктікте орналасқан. Тұмса табиғаттың сұлулығын тамашалауға биыл бір мыңға жуық адам барған. Арасында еуропалықтар, америкалықтар және атажұртқа келген көрші елдің азаматтары да жүр. 

Саяхатшы, Аязбай Смағұлұлы: «Жетісуда өте әдемі жерлер көп. Әсіресе таудағы көл қатты ұнады. Бұрын соңды мұндай сұлулықты көрмедім. Биік тау, таза ауа, адам аяғы баспаған, бүлінбеген табиғаттың өзі жаныңды жадыратады» былай дейді.

Медет ЖҰМАБАЙ