ҒЫЛЫМСЫЗ ӨНДІРІС ТҰЛ

Уақыты: 14.10.2023
Оқылды: 872
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі күн білімді таған, экономиканы өзек етіп, ұлт мәдениетін бойына қан тамыр еткен, білім тұрпатты кәсіп орындар көптеп құрылған, жаһандану процесі жүріп жатқан кезең.

28 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында Қазақстанда ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын айқындау мәселесі қаралды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы 2023 жылға арналған жаһандық инновациялық индексін ғылымға, білім беру жүйесіне және инфрақұрылымға қатысты 80-ге жуық көрсеткіш негізінде анықтаған. Нәтижесінде Қазақстан Үндістан мен Ираннан кейін Орталық Азияда үздік үштікке енді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдағы жылдарға арналған ғылымды дамытудың экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану, энергия, озық материялдар және көлік, озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті, өмір және денсаулық туралы ғылым, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту сынды 6 басым бағытын әзірлеген. Әр бағыт 8-ден 18-ге дейінгі бөліктерге бөлінгенін жеткізді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», –  деп атап көрсетті.

Үкімет Жолдауда айтылған мәселені дер кезінде қолға алып, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында белгіленген басымдықтар шеңберінде суды ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамассыз ету, парникті газ шығындарын азайту және жаңартылатын қуат көздерін дамыту мәселесіне назар аударды. Құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп, көлік технологиялары, робототехника, жасанды интеллект, жаңа материалдар жасау, телекоммуникация, медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, егіншілік, ауылшаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу және сақтау, тамақ өнімдерін өңдеу, сонымен бірге, жаратылыстану саласындағы ғылымға да іргелі және қолданбалы зерттеулердің қарастырылғанын айтты. Комиссия аталған тәсілдерді мақұлдады.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Біз, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Білім беру бағдарламаларын ауылшаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады», – деп ерекше атап өтті. 

Жолдауда айтылған мәселе ғылым-техниканың бірінші өндіргіш күш екенін аңғартады. Біз ғылымсыз ешқайда бара алмаймыз. Өндіріс пен теорияны бірлестіріп, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттерін, магистрант, докторларын ғылыми зерттеу институттары мен компания, агро орталықтарымен тығыз жұмыс жасауға жол ашуымыз керек. Ғылым мен өндірісті ұштастыра алмасақ бәрі бекер, қара дүрсін шаруа болып, әлем елдерімен бәсекеде ұтылатынымыз анық. Ел ғалымдарын өндіріске көптеп тарту кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Ғалымдар тарапынан ұсынылған жобалар қағазда жазылып қалмай, іс жүзінде жүзеге асса деген тілек бар бізде.  Ғылыми жобаны өндірісте жүзеге асыруды Үкімет, Ғылым және Жоғары білім министірлігі қатаң қадағалуы қажет.

Жолдауда көтерілген мәселенің бірі – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту үшін жүйелі әрі үздіксіз жұмыс жүргізсе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Білікті де білімді мамандарды даярлау ісі де жоғары деңгейде атқарылатын болады. Кемінде 3 белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласын зерттеумен, қажетті кадр даярлаумен айналысса, мұның өзі ІТ мемлекетке жасалған нық қадам болар еді.  Жоғары оқу орындары мен түрлі мекеме ел болашағы үшін селбесе жұмыс жасауы керек.

Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар ауадай қажет. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн. Мәселен, Қытайда кандидаттық, докторлық қорғамаса да ғылымға қосып жатқан үлесі болса, ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, ел игілігі үшін пайдалы шаруа тындырса, жұмыс өтілі жетсе доценттік, профессорлық атақ береді. Кейінгі жылдарда магистратура, PhD докторантура оқу талабы қойылды. Аталмыш елде оқу-ағарту министрлігі сайтында жыл сайынғы жарияланған ғылыми жоба тақырыптарынан кез келген ғалым бірін таңдап, өзінің жүзеге асыру жоспарын ұсына алады. Бекітілген жоба компания, өндіріс ошақтарының қаржысымен жүзеге асады.  Демек, ғылым мен өндіріс еш бөлінбей, бірлесе жүзеге асады. Бұл ғылымсыз өндірістің жоқтығын дәлелдейді. Ғалымның ғылыми жобасы соңына шығып, халыққа өз пайдасын тигізеді.

Ел Президенті ауылшаруашылық өнімдерін ең соңғы сатысына дейін өңдеуді тапсырды. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әр тараптандыруды ортаға қойды. Ол үшін ауылды дамыту, орта және шағын шаруашылықты қолдауды ескертті. Бүгінде қағаз бастылықты азайту қанша дәріптелсе де нәтиже көңіл қуантпайды. Барлық шаруа электронды әрі қағаз жүзінде қосарлана жүріп жатқаны біраз қиындық туғызып жатқаны ақиқат. Ақжағалы топқа ойлау тәсілін өзгерту бағытында көптеген лекциялар оқу керек сияқты. Олар қара халықты өздерінен төмен көріп, тек бұйрық беріп,  ары-бері сандалтумен отыратыны жасырын емес. Қара халық болмаса ол шенді кімге керек, негізі шенді халыққа қызмет көрсететін адам. Осы түсінікті қоғамда орнықтыруымыз шарт. Ғалым кеме капитаны сияқты барша елді жағаға алып шығады. Ғылым мен ғалымға құрмет пен материялдық қажетті жеткілікті деңгейде жасасақ, елдің дамуы да біршама алға жүретіні анық. 

Білім – бірінші өндіргіш күш. Білімге мән бермеген елдің болашағы бұлдыр. Бүгінгі жас ертеңгі ел иесі, бүгінгі күн дамудың дау жүрмейтін шындық екенін дәлелдеп отыр. Даму дегеніміз – ақыл-ойдың дамуы болмақ. Ал оны тудыратын білім. Ал білім өндіріске жан бітіреді. Бүгінгі студент – ертеңгі ел иесі. Сондықтан да студенттердің ертеңгі қоғамға жарамды маман болып шығуына мықтап жол сілтеу керек. Кәсіби біліктілігін көтеретін пәндердің сағат санын молайтып, білімгерлер өндірістік тәжірибе өту үшін арнайы өндіріс ошақтарына барғаны дұрыс. Көзбен көріп, қолмен ұстап, сезініп атқарылған жұмыс әлбетте нәтиже береді. Міне, ғалым ретінде айтар оймақтай ойымыз осы. Елдің болашағы үшін алаңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір бастамасын қолдау – біздің міндетіміз. Барлық қазақстандық азаматтар бірігіп, бірлесіп еңбек етсек қана жетістікке жететінімізді ұмытпайық. 

 

Нұрхалық АБДІРАҚЫН,
филология ғылымдарының PhD докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті,
қытайтану кафедрасының
аға оқытушысы