Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл баспасөз мәслихатында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында баяндама жасап, өзекті мәселелерді айшықтады. Алдағы жылдарға арналған жоспарымен бөлісті.
Талдықорған көркейіп, дамып жатыр дегенмен шешілуі керек мәселелер де жоқ емес. Оның бірі – заңсыз берілген пәтер санының көптігі. Бүгінде несие арқылы рәсімделген баспаналардың кейбірі заңға қайшы үлестірілген. Осы кемшілікті түзету үшін әкімдік нендей қарекет жасап жатыр деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Бұл орайда қала басшысы 67 пәтер ерікті түрде қайтарылғанын, алдағы уақытта көп пәтер мемлекет меншігіне алынатынын атап өтті. Осы тұста халықтан да қолдау керектігін жасырмады.
Баспасөз мәслихаты аясында шаһар маңында орналасқан Қызылтас елді мекеніндегі тарихи жәдігер петроглифтердің бұзылып жатқанына байланысты сөз қозғалды. Тілшілер әкімнен құнды дүниелерді сақтап қалу үшін қандай да бір шара қолдануын талап етті. Ернат Дүйсенбекұлы бұл өте күрделі мәселе деген тұжырымда. Аталған петроглифтер дәл «Темір-бетон» зауыты тас алуға еншілеген карьердің қасында болғандықтан әзірге ештеңе істей алмайтындықтарын, ауылшаруашылық министрлігіне қарасты комитет осы іс бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын алға тартты.
Жиында қаңғыбас иттер мәселесі де көтерілді. Көше кезген төртаяқтылардың жай-күйіне әкімдік те алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл бағытта арнайы жоба қолға алынып, алдағы 2 айда 150 орынды ит ұстау орнын ашпақ екен. Бүгінде Талдықорған бойынша ит ұстайтын 2 бригада жұмыс істеуде.
Кездесуде 5-6 жыл бұрын ғана салынған көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетінің бұзылып, сылақтардың құлауы туралы сұрақ қойылды. Шаһар басшысы келер жылдан бастап тұрғын үйлерге жаңа қасбет салатындарын айтты. Ал, сылағы құлап қалған үйлерге келер жылы жергілікті бюджеттен 26 миллион теңге қарастырып жатқанын алға тартты.
Ернат Бәзіл шаһар жетістіктеріне тоқталды. Биылғы 10 айда қала экономикасының даму қарқыны оң динамика көрсеткен. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, бөлшек сауда, құрылыс және тұрғын үй сынды салалар бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Көрсеткіш көңіл тоғайтады. Осы ретте жыл басынан бері қала экономикасына 43,0 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында екінші деңгейдегі банктердің несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеге 96 жоба мақұлданып, 804,7 млн. теңгеге 75 жобаға кепілдік берілген. Жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 320,0 млн. теңгеге 67 мемлекеттік грант тағайындалыпты. Жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын сақтау көзделіп отыр.
Жиында журналистер тарапынан қала әкіміне мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп сөйлесе деген сыни пікір де айтылды. Сөзінің денін орысша айтқан шаһар басшысы көпшіліктен кешірім сұрап, алдағы уақытта ана тілде есеп беретінін жеткізді.
Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Руслан Қадіров