«Үздік тәжірибе орталығы» ашылды

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 783
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу аудандық орталық ауруханасында алғашқы медициналық әлеуметтік көмектің «Үздік тәжірибе орталығы» ашылды.  Халықаралық стандартқа сәйкес аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында ашылған орталықтың халыққа тигізер пайдасы зор.

Шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Шалқыбеков мұндай үздік тәжірибелік орталықтардың маңызы зор екенін айтып, аудан жұртшылығын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Біз халыққа қызмет етіп қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы білімін де арттыруымыз керек. Аудан тұрғындарының дені сау болуы үшін ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк ауыр. Мұндай орталықтар бізде көп болуы керек. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Ең бастысы – ауырмайтын жол іздеп, салауатты қазақ санын арттырайық, – деді ол.

«Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үздік әдістемесі бойынша іске асырылып жатқанын айтып, аудан жұртшылығын құттықтап, дәрігерлер жұмысына сәттілік тіледі.

«Үздік тәжірибе орталығы» ашылғалы емхана құрылымына көптеген оң өзгеріс еңгізілді. Атап айтқанда, емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, халық кеңесі, тренинг орталықтары, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті модель бөлмесі, денсаулық мектептері және отбасылық медицинаның жаңа моделі өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Орталық жұмысының нәтижесінде жаңа медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен сапасы жақсармақ. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын арттыруға зор ықпал етеді.

 Шара соңында жиналған көпшілік орталықтың жұмысымен танысып, арнайы ашылған кабинеттерді аралап, дәрігерлер жұмысымен танысты.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Көксу ауданы