Жыныс ауыстыру дерт пе, тренд пе?

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 626
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыныс ауыстыру. Жұмыс ауыстыру емес, оқырман жыныс ауыстыру. Жөн түсініңіз. Бұл сөзді шұлық ауыстыру, не көлік ауыстыру секілді айта салдық па? Оның өзі жөні бар. Бізде, Қазақстанда жыныс ауыстыруға рұқсат еткелі 2 жылға жуықтады. Кей дерекке сүйенсек 2009 жылдан 2021 жылға дейін 28 қазақстандық жынысын ауыстырса, сол уақтағы ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой бекіткен құжат күшіне енгеннен бері бұл сан тіпті аспандап кетті. Кей дерекке сүйенсек, жылына 5-10 кісі жынысынан жеріп, пышаққа түседі екен. Еуропаға еліктеудің соңы осындай сан соғатын жайға себеп болуда.

Азғындық па, амалсыздық па?

Тісіңізге «құрт» түсті, емдеттіңіз де жасанды тіс салдырдыңыз. Ішер асыңызды бойыңызға сіңіру үшін қажеттілігі сол болды. Тіс дұрыс болмаса, асқазаныңызға қауіп. Амалсыздықтан  табиғиды жасандыға ауыстырдыңыз.

Бір кісі бар, жүрек дімкәстігінен әбден зардап шекті. Дәріні «азық етті» талай жыл. Былтыр Гиппократқа ант бергендер жүрегіне аппарат сап берді. Содан бері әлгі көршім «өмір аппаратынан» зардап шекпей жүр. Оныкі де өмір сүру үшін жасалған қадам.

Тағы бір кісі көлік апатына ұшырап, жуан саннан аяғы кесілді. Мәжбүрліктен. Әйтпесе, құлындай шаптырған аяғынан кім айырылсын? Не керек, жұмыр дүниені жүріп көрмек ниетпен жасанды аяқ салдырды. Шынында, Құдай берген мүшені ешкім өмір қызығы үшін ауыстырмайды, сол өмірді сүру үшін ғана алмастырады.

Жалпы, ғылым адамзат игілігі үшін қызмет еткені дұрыс. Ал игілігі жоқ ғылымды пенде шайтанның азғыруымен дүниеге 2келеді. Мәселен, атомды, яғни физикадағы «қуатты сәулелі» элементтер әу баста адамзат игілігі үшін зерттелді. Бір шымшымы (шымшып ұстай алмаймыз ғой, грамы) 3-4 тонна көмірдің қуатын беретін әлгі элементтер аса қажеттіліктен зерделенді. Бірақ фашизмді дүниеге әкелгендер әу баста шайтанның азғыруымен жүрді емес пе, сол азғындықпен адамзатты қырып жіберетін қаруды ойлап тапты.

Тағы бір қызық жайт, пенденің ұлы мұраты – ұрпақ өрбіту. Жалпы тіршілік атаулының мұраты десек те болады. Кей-кейде туабітті, кейде жүре келе талай пенде бала сүйе алмайды. Ерлердің мұндай мүмкіндігі жоқ болса, ғылым, әсіресе, медицина еш көмек бере алмайды. Ал нәзікжандыларға бір көмегі бар. Мәселен, жатыры тіршілік жарылысы тулауға дәрменсіз болса, донор табылса, жатыр ауыстырып, бала сүю бақытына ие ете алады. Әлемде 40-тан астам әйел осы жолмен аналық сезімді сезінді. Бұл – ғылымның жұмырбастылар үшін жасаған игілігі. Енді сұрақ, жыныс ауыстыру қандай қажеттілігімізден бізге керек болды?

Сөйтіп, 2 жылдан бері елімізде жыныс ауыстыруға жағдай жасалды. Бұл қазақтың Құдайшылдығына қарамай жұмыс ауыстырғандай талайға жынысынан жеруге мүмкіндік берді. «Орыс ойына келгенді, қазақ көргенді істейді» деген қағытпа сөз бар. Батыстан көргеніміз, көріп жүзеге асырмақ болғанымыз осы кесапат болмақ. Онсыз да атын атауға арланатын әлеуметтік желіде танымал болған қызтекелерді азайта алмай жүргенде министрлік бекіткен құжат олардың қанатының астына су бүркіп отыр емес пе?!

Батыста қалып, қазаққа қауіп

Батыстағы жайларға тоқталайықшы... Кунчита Вурст дегенді танушы ма едіңіздер? Білмесеңіз де, білсеңіз де айту қажет боп тұр. Сол пақырыңыз 2014 жылы «Еуровидение» байқауында жеңімпаз атанды. Дауысы зор енді. Бірақ… Сөз арасын бірақ бұзады ғой әдеттегідей. Кунчита дегеніңіз – сақалы бар, шашы қолаң, не еркек емес, не әйел емес бәле. Сол 2014 жылы күллі Еуропа жатсынбай Кунчитаны қабылдады. Өйткені олардың кеңістігі мұндайды көтереді.

Оңтүстік Уэльсте екі еркек үйленіпті. Жалпы, бір жыныстылардың «махаббаты» мен үйленуі Еуропаның көптеген елінде билік тарапынан мақұлданып, заңмен рұқсат етілген. Мәселен, 2017 жылдың 1 қазанында Германия Парламенті бір жыныстылардың некелесуіне рұқсат етті. Олардың танымы бақа-шаянға ұқсас. «Құдайлары» да, діни танымы да қызық. Рим папасы да бір жыныстыларды қолдайтынын айтты бір сөзінде.

Айтпақшы, болса да Германияны сөз еттік қой, 2010 жылы Поссендорфтың тұрғыны 39 жастағы Уфе Митцшерлих өзінің Сессилия есімді мысығына үйленді. Заң рұқсат еткен. Балалары марғау бола ма, адам ба екен. Не шықса да Еуропадан шығады. 1979 жылы Эийя-Риита Эклев есімді швед азаматшасы Берлин қоршауына үйленді. Заң оған да рұқсат берген. Махаббат баянды болды ма дейсіз ғой, 1989 жылы қоршау құлағаннан кейін «қоршаудың жары» депрессияға ұшырап, әлі өз-өзіне келе алмай жүр екен. Қалай дегенмен бұл – Еуропа!

Әлем бойынша жыныс ауыстыру отасы алғаш 1931 жылы жасалған. Эйнар Вегенер есімді даниялық суретші зайыбының өтінішімен әйел болып киініп, (әйелі де суретші болған) жаңа картинаға кейіпкер болады екен. Кейін тіптен әйелдің образынан шыға алмай қалған. Үстінен әйелдер киімін тастамайтын болған. Не керек, әдет қалыпқа айналып, Вегенер еркектен әйелге айналу үшін жынысын ауыстырған. Атын Лили Эльба етіп өзгерткен. Бірақ, нақты әйел болып кете алмады. Әйел болған соң дүниеге ұрпақ әкелу керек қой. Бірнеше мәрте бойына тіршілік дарытатын жатыр орнатпақ болады. Орнатады да. Алайда, жатырды ағзасы қабылдамай, ақыры содан дүниеден өтеді. Міне, осы оқиғадан кейін Еуропада жыныс ауыстыратындарға «жынды» деген диагноз қойып, жындыханаға тоғытатын болған. ХХ ғасырдағы қарсылыққа қарамастан 1940 жылы әскери хирург Гарольд Жиль қызына ота жасап, ұлға айналдырды. 1953 жылы Джордж Уильям есімді солдат әйелге айналды. Жыныс ауыстырудың «бумы» 1972 жылы басталған еді. Айлалап бағатын пенде емеспіз бе? Сол жылы бөтен ағзаның қарсылығын басатын «Циклоспорин» дәрмегі пайда болды. Еуропада осы дәріден соң Швеция алғаш болып жыныс ауыстыруға заң бойынша рұқсат бере қойды.

Қазір жыныс ауыстырудан Еуропа мен Азия иық тіресіп тұр. Көш басын Үндістан бастайды. Бұл елде қыздарды шақалақ кезінде ұл ету басым. Жыл сайын жүздеген сәби пышаққа түседі. Есесіне, жастайынан гормондық дәрілерді уыстап ішеді. Тайланд та көштің басына шығуға даяр. Мұнда еркектер қызға айналуды армандайтын секілді. Үздік үштікті Иран түйіндеген. Мұнда да жылына 500 жыныс ауыстыру отасы жасалады екен. Дінді мемлекеттік саясаттың тірегі етіп алған елдің бұл жорығына жол болсын.

Теңдік бұлай орнамайды!

«Бір Құдайға сыйынып» қарекет ететін қазақ үшін жаратылысқа қарсылық білдіру – нағыз азғындық. Дейтұрғанмен, 2 жыл бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесі бекітілді. Соған сәйкес кез келген 21 жастан асқан қазақстандық жынысын ауыстыра алады. Оның өзінде психикалық және мінез-құлық ауытқуы болмауы тиіс. Биліктің ақталар сөзі – гендерлік теңдіктің тамыр жаюына жағдай жасау.

Жалпы, жыныс ауыстыру – батыстың жымысқы әрекеті. Ұлтты, адамзатты жоюдың басты құралы. «Атеизмді» қуаттайтын белгілі бір топтардың адамды құдайдан алыстатуға жасаған әрекеті. Мұны қайталап айтудан танбаймыз. Әйтпесе бұл не? Құдай жаратқанды бүлдіру, сол құдайға қарсы шығу емес пе?! Әр пенде өмірге келерде ер не әйел етіп құдай жаратты емес пе? Содан қазақ Алланы «Жаратушым» деп дәріптемей ме?

Еліміздегі сандарға сенсек, жылына 7-10 жыныс ауыстыру жағдайы тіркеледі екен. Сұмдық па? Атажұрт «Әуелі Алла» деп қарекет етіп, дәл сондай қалыппен өмір сүретін ұрпақ тәрбиеледі емес пе?! Қазақтың Құдайсыз күні жоқ. Ал әлгі құжат құдай берген жыныстан безінген адамдарға жағдайды жасап беруде. Мөңке бидің:

Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі, – дегені енді дөп келетіндей. Бірақ, қазақ қоғамында әйелдер ерлерден сөз жүзінде төмен болғанмен іс жүзінде ерлермен иін тіресті емес пе? Әйтпесе, «қабырғаммен кеңесейін», «қабырғаммен ақылдасайын» деген сөз қайдан шықты? Ашығын айтқанда, жыныс ауыстырудан теңдік туы атпайды.

Пайым таразысы: Имам

Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы. Сондықтан аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – кешірілмес күнә әрі харам іс. Мұндай іске барған әрбір адам қатаң жазаға лайық болады. Адамның ағзасы – Алланың берген аманаты.

Айдана Аманжолқызы, психолог:

Ер адамның өзін әйелше сезінуі, нәзік жандының өзін еркекше ұстауы – денсаулықтағы кемшілік, болмаса гормондық бұзылыстың туабіткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасып жатады. Оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады. Адамдардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ортаға бейімделгіш, еліктегіштері болады. Трансгендерлерден көбі осындай адамдардан шығады.

 

PS. Жыныс ауыстыру оталары Екінші дүниежүзілік соғыста Освенцум лагерінде жүзеге асыпты. Йозеф Менгеле атты неміс дәрігері тұтқындардың жынысын мәжбүрлеп ауыстырыпты. Тәжірибе сәтті не сәтсіз болғаны беймәлім. Бірақ, зұлымдықтың нақ өзі еді. Сол зұлымдық қазір елімізде де жүзеге асуда. Тоқтам бола ма?

Дастанбек Садық
Фото: kazpravda.kz