Анамның тілі – айбыным менің

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 475
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» - деп  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілге үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сол қатердің төнбеуі үшін жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақ туған тіліне үлкен құрметпен қараса, басқаларды да мойындатарымыз хақ. Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде тіл оқыту орталықтарының рөлі орасан зор деп айтар едім.

Сондай орталықтардың бірі – «Тіл» оқу – әдістемелік орталығының Текелі қалалық филиалы. Біздің орталықта тіл үйренемін деушілерге қарапайым деңгейден бастап, жоғары дәрежеге дейін тілді меңгеріп шығуға үлкен мүмкіндік бар, барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – ниет пен ықыласыңыз болсын. Орталық 2007 жылдан бері қала халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінгі күні 6 топ, барлығы 78 тыңдаушы әр түрлі деңгейде мемлекеттік тілді үйренуде. Үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап ағылшын курсы ашылып, мемлекеттік тілмен қатар 2 топта 26 тыңдаушы ағылшын тілін оқып жатыр.

Биылғы жылдың 22 қарашасында Талдықорған қаласында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Оқыту орталықтарының жұмыстарын жүйелендіру» тақырыбында облыстық байқау өтті. Текелі қалалық филиалы да қалыс қалмай, Алғыс  хат пен қаржылай сыйлыққа ие болды. Еңбек еленіп, жыл қорытындыланды. Бірақ жұмыс осымен тоқтап қалмақ емес, алға қойған мақсат-меже көп.

Астана қаласында өткен стандарттау жөніндегі кеңейтілген ғылыми-техникалық кеңесте қазақ тілін меңгеруге арналған тілдік жобасы қаралып, нәтижесінде енді еліміздің кейбір сала мамандары мен студенттеріне қазақ тілінен тест тапсыру міндеттелмек. Бұл жоба  2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап іске асырылады деп, тіл жанашырларын бір қуантқан жаңалық болды.

Алдағы уақытта осы жоба іске асып, тіліміздің тұғырлы болуына ықпал етеді деп үміт артамыз. Мемлекеттік тілдің болашағы кемелденуі үшін қажеттілік керек екені бұрыннан айтылып жүр. Осы  жоба сол талап тілекке жол ашқандай болды.

Тарихқа жүгінсек, ата-бабаларымыз шешен сөйлей алмаған адамға ел билетпеген екен. Шешен сөйлеу дегеніміз – қазақтың сөз байлығымен қасиетті тіліміздің мүмкіндігін қолдану емес пе? Ендеше тілімізді қадірлеп,  шұбарламай таза сөйлеу – әр қазақтың азаматтық борышы.

А. Қалысбаева
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі

Текелі қаласы
Фото: qarmaqshy-tany.kz