Электронды темекі – қоғам дерті

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 503
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Электронды темекіге уланып, өкпесін зақымдап, түтін сасып жүрген жастарды көргенде жиіркенішті күй кешемін. Электронды шылым –қоғам дертіне айналып барады.  Шылым шегуге әуестік барысында  мамандар оқушылар арасында сараптама жүргізген.    

Жасөспірімдердің зиянды әрекеттерге жақын болуының   себебі, қызық үшін деп табылған. Олар қызықтың соңы азапқа апаратынын ойламаған.  Кейбірі достарына еліктейді, енді бірі– құрбы-құрдастарынан «қалмауды» ойлаған.   Модадан қалмауды мақсат тұтатынын айтқан. Дәрігерлердің айтуынша, электронды шылымды пайдаланушалардың  15%-ы ұл,  6 %-ы  қыз.  Яғни, сарапшылар қыздардың  темекі шегуде   ұл балалардан «қалыспай» келе жатқанын анықтаған. Ал, темекінің бойжеткендердің денсаулығына, болашақта оның  дені сау ұрпақ сүюіне үлкен кедергі келтіретінін мамандар  ескеріп жүр.  Сонымен қатар,  темекі  жастардың өкпесін  ғана емес,  санасын да улауда.  Темекіге тәуелділік оның еркін ойлауына, замандастарымен  қоғамдық іс-шараларға қатысуға кедергісін келтіреді. Олар зиянды әдетке тәуелді болғандықтан уақытының көбін соған арнайды.

Сабақтан қашып, шаралардан сытылып шығып, бұрыш-бұрышта темекі түтінін будақтатып тұрады.  Электронды темекі шығарушылар көптің сұранысын қанағаттандырып, тартымдылығын арттыру үшін  әртүрлі дәмдер қосады. Көлемін  қалтаға сала салуға ыңғайлы етіп шығарады. Бірақ, бағасы арзан емес. Әлі жұмыс істемейтін, ақша таппайтын жастар қылмысқа, ұрлыққа осы үшін де барады. Ата-аналарынан басқа керек-жарағымды аламын деп алдап, темекі алып жүргендерді күнде  кездестіріп те жүрміз. Осыған ақша алу үшін отбасындағы кикілжің де кездеседі. Бұл – нашақорлықтың бір түрі. Трендке айналған электронды темекіге  әуестікті  қалай ауыздықтаймыз? Мұны көп болып ойласып, шешуіміз керек.  Мағжан   ақын  сенген жастар азып-тозып кетпесе екен.   Кәсіпкерлер табыс табуды ғана емес, ұлтқа адал қызмет етуді де ойласа.  Темекі шегіп, ағзамызға у жинап жүргенімізді ұмытпайық, замандас. Жирен жаман әдеттен.

Мерей Құдайбергенова,
ЖУ-дің 3-курс студенті
Фото: salsknews.ru