Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында «Ауылдағы көшбасшы әйел – 2023» атты форум өтті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Еркін форматта өрбіген шараға облыстық мәслихаты төрағасы Гүлнар Тойлыбаева қатысты.
Ауыл әйелдеріне арналған форум аудан тарихы мен мәдениеті мол мұрасына арналған көрмеден басталды. Онда қолөнер бұйымдары, сүт, бал, нан өнімдері мен киізден жүннен және ағаштан жасалған заттар қойылды. Форум барысында іскер әйелдер жұмыстарын таныстырып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
– 10 жасымнан жүннен түрлі бұйым жасадым. Алғашқыда қарапайым аяқкиім дайындасам, қазір түрлі әшекей бұйымдар, балалардың сырт киімдерін тігемін. Таза отандық өнім. Жүннен сырмақ, аяқкиім жасаймыз. Бүгінде білгенімді оқушыларға үйретудемін, – дейді жеке кәсіпкер Күләшхан Сәметқызы.
Форумда өңірдің дамуына үлес қосып, түрлі салада еңбек етіп жүрген 12 көшбасшы марапатталды. Еңбегі еленгендердің бірі Күлсін Алпысбаева ауылшаруашылық тауарларын өткізетін орын болса деген өтінішін білдірді.
– Осы ауылда тұрып жатқаныма 42 жылдан асты. Содан бері еңбегімді бағалап, қашан болса да Күлсін апа деп жастары сыйлап, ақыл-кеңес сұрап тұрады. Бір өтінішім, ауылшаруашылық өнімдерді сақтайтын қойма, тауар өткізетін орын болса шаруаларға үлкен көмек болатын еді. Бізге алыпсатарлардың керегі жоқ, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, республика бойынша кәсіпкер әйелдердің үлесі 50 пайыздан асады. Ал шағын және орта бизнес кәсіпорындардың 60 пайызын әйелдер басқарады. Бүгінде Қаратал ауданында 1447 қыз-келіншек кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен медицина саласында еңбек ететін арулардың саны басым.