Өтініш аяқсыз қалмайды

Уақыты: 13.12.2023
Оқылды: 628
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға облыстың 9 тұрғыны жазылған. Олардың көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй, жер мәселесі бойынша өтініш білдірді.

Ескелді ауданының тұрғыны Алтай Байчапанов төрт түлік малды ұрықтандыру және асылдандыру мәселесін көтерді. Ол әр ауданнан штаттық бірлік ашып, жас мамандарға мал ұрықтандыру мен асылдандыруды үйретуді қолға алуға қаражат бөлінсе деген ұсыныс-тілегін жеткізді. Алтай Нұрғалиұлы өзі атқарған жұмысын, қол жеткізген нәтижесімен бөлісті. Қабылдауға келген тұрғынның ұсынысы қаралатынын айтқан облыс басшысы заң аясында қолдау білдіру қажеттігін сала мамандарына тапсырды. 

2016 жылы Қаратал аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Арайлым Бейбітқызы мен жолдасы әскери полиция қызметкері Мейіржан Есдәулетов жұмыс барысында жол апатына ұшыраған. Арайлым Бейбітқызы оқиға орнында қаза тапқан. Жолдасы денсаулығына байланысты бірнеше жыл төсекке таңылып, енді беті бері қараған. Бүгінгі таңда білікті маман жұмыссыз. Баспана жалдап күн көруде. Күйеубаласының тағдырына алаңдаған Күлғайша Абдулданова Абай облысы Ақсуат ауданынан облыс әкімінің қабылдауына арнайы келіп, баспана мәселесін біржақты шешіп берсе деген ойын білдірді. Мән-жайды толық тыңдаған облыс басшысы: «Баспана мәселесі өте өзекті. Біз Үкімет қаулысына қарсы шығып, сіздерге кезексіз үй бере алмаймыз. Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 15 мыңнан астам адам бар. Жетісуда баспана беру өте қарқынды жүзеге асып келеді. Үйдің 80-90 пайызы жетім, әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасыларға, көпбалалы аналарға, тағы белгілі бір санаттағы тұрғындарға беріледі. Бірақ барлығы заң аясында жүзеге асырылуда. Биыл 180 пәтерді демеушілер тұрғындарға тегін берді. 

Пәтер кілтін алғандар заң бойынша кезекте тұрғандар.  Иә, түсінемін, бір үйден екі адам қызмет бабымен жол апатына ұшырады. Өте қайғылы жағдай. Біз барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Бұл мәселені мен тікелей қадағалауыма аламын», – деді.

Талдықорған қаласы Еркін ауылының тұрғыны Мұратқан Заманбек қараусыз, игерілмей қалған жер мәселесін көтерді. Сонымен қатар, ешбір шетелдік азаматқа жерді жалға бермеу керектігі жөнінде ойын ортаға салды. Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша шетелдік азаматтардың жер алуға құқығы жоқ екенін қадап айтты. Сонымен қатар, облыс бойынша 1,5 жыл ішінде космомониторинг сервисінің жүйелі жұмысының нәтижесінде 250 мыңға жуық гектар жер мемлекетке қайтарылған. Бұл жұмыс ұдайы, үздіксіз жүргізілетін болады.  

2015 жылы сот шешімімен апатты деп танылған Талдықорған қаласына қарасты «Подхоз 1» бөлімшесіндегі үйді ауыстыруға қатысты Ләззат Демежанова көмек сұрап келген. Облыс басшысы жауапты сала маманына заң бойынша апатты жағдайда тұрған үй иелерін бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетті екенін айтып, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарына мемлекеттік сатып алу порталындағы шаралар толықтай аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіппен үймен қамтамасыз етуді тапсырды. 

Талдықорған қаласының тұрғыны Саят Аянбаевтың ұлы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан. Әкесі ұлы Жанайдар Саятұлының 2018 жылдың 27 шілдесінде тұрғын үй кезегіне тұрғанын, баспана мәселесі қалай шешілетінін сұрады. Қала тұрғыны барша Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіліп, ас берілсе деген ұсыныс айтты. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев баспана кезегінде тұрған азаматтың өмірден өтуіне байланысты заң бойынша кезегі тоқтатылатынын айтып, ас мәселесіне барынша қолдау болатынын жеткізді. 

Жеке кәсіпкер Жандос Нұрпазілов Талдықорған қаласы бойынша коммерциялық жер учаскелеріне құқықтарды сату бойынша конкурс ұйымдастыру мәселесінің шешілмей жатқанын айтты. Қалалық әкімдіктегі жауапты сала мамандарына барғанымен  жұмысының оң нәтиже бермегенін атап өтті.

– Халықпен ашық жұмыс істеу қажет. Түсіндіру жұмыстары дұрыс деңгейде атқарылмағандықтан осындай сұрақтар туындайды. Көзінде оты бар, білімді, білікті жастарға біз барынша көмек көрсетуіміз қажет. «Жұмыс істеймін. Өз кәсібімді ашамын. Еліме аз да болса пайдамды тигіземін» деген ниетті жандарға біз барынша қолдау білдіруге міндеттіміз. Сондықтан жас кәсіпкердің өтініші аяқсыз қалмасын. Қаңтар айында конкурс басталғанда барлық құжатты дайындап, бизнес жоспарды пысықтап, іске кірісіңіз. Біздің тараптан қолдау болады, – деді Бейбіт Өксікбайұлы. 

Осы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбібеков қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға 20 жер учаскесі дайындалып жатқанын, конкурс жарияланғаннан кейін кәсіпкер қатыса алатынын түсіндірді.

Тұрғын үй алуға өтініш білдірген барлық азаматтарға қолданыстағы тұрғын үй заңнамасы толық түсіндірілді. Қабылдауға жазылған барлық азаматтың көтерген мәселелерінің шешіміне қатысты тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берген облыс әкімі сұрақтардың бәрі де хаттамаға енгізілгенін, бұдан әрі өзінің жеке бақылауына алынатынын жеткізді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ