ЖЕЛТОҚСАН ЖҮРЕГІМДЕ МӘҢГІ ЖАҢҒЫРАДЫ

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 1544
Бөлім: КҮНДЕРЕК

1986 жылы еліміздің озық жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылданып, қызықты студенттік шағымыз басталып кеткен еді. Ол кездегі қазақтың беткеұстар оқу ордасында білім алу миллиондаған түлектің арманы болғаны аян. Бізге қазақ журналистикасының патриархы профессор Тауман Амандосов, белгілі журналист-ғалым Әбілфайыз Ыдырысов сияқты ұстаздарымыздың тәлімін алу бақыты бұйырғанын жете түсініп, біз де білім бұлағынан қанып сусындауға ден қойдық. Журналистика факультетінің дәрісханаларымен қатар КазГУ-дің кітапханасы, орталық алаңдағы Ұлттық кітапхана күнделікті жұмыс орнымызға айналды. Ұстаздарымыз да алғашқы студенттік сессиямызды табысты тапсыруымыз үшін дайындап жатты.

Осындай студенттік қарбаласқа толы күндердің бірінде Қазақстан басшысының ауыстырылуына орай Алматы жастарының орталық алаңда жиналып жатқаны туралы ақпаратты естіп, 17 желтоқсанда сол кездегі бірінші курс студенттері түгелге жуық алаңға бет алдық. Бұл қадамымыздың қате екендігі, оның артында ауыр салдарлар болуы мүмкіндігі туралы ескертулерге қарамастан, жастар жиналып жатқан алаңға келдік. Сол күні Астананың бас алаңында қазақ ұлты мен тілінің келешегі туралы жалынды сөздер айтылып, қазақша әндер қалықтап тұрды.

Желтоқсаншы жастарға жасалған қиянат пен жаза тауқыметі тым ауыр болды. Осы ауыртпашылықтардан біздің курс ауызбіршілігіміз бен жанашыр аға-апаларымыздың арашалауы арқасында аман қалдық. Бүгінде саналы ұрпақ өсіру бақыты бұйырып, барлығымыз әр салада тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін еңбектеніп келеміз.     

Бүгінде егемендігінің 32 жылдығын атап өткен Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың абыройлы мүшесі, сенімді әріптес ретінде кеңінен танымал. Орталық Азияның көшбасшысы болып, еліміз өңіріміздің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлесін қосып отыр. Мемлекет басшымыздың сындарлы да келелі сыртқы саясаты халықаралық әріптестеріміз тарапынан жоғары бағаланады. Қазіргі кезеңде бейбітшілік сүйгіш және өскелең қазақ дипломатиясының даусы биік мінберлерден анық та ашық естіледі.

Қазақстан дипломаты ретінде шет мемлекеттердегі жұмысым барысында біздің еңбекқор, дана және бауырмал халқымыз туралы жылы пікірлерді жиі естимін. Мен де өз тарапымнан қазақ ұлтының намысы мен мүддесін ешқашан естен шығарған емеспін. Бұған мені үйреткен, жүрегімді шыңдаған Желтоқсан деп білемін.  

Сол күндердегі айрықша сезім Желтоқсан үні болып жүрегімде әлі жаңғырады. Тәуелсіздік қарлығаштары Желтоқсаншы жастардың бірі екенімді немере-шөберелеріме мақтанышпен айтатын боламын.

Гүлмира СҰЛТАНӘЛИ,
ҚазМУ журналистика факультетінің 1991 жылғы түлегі,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкері 
Фото: 
vk.com