Желтоқсан лебі ұлттық кинодан қашан сезіледі?

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 915
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұл жайында жазбауға да болар еді... Жоқ, Жазу керек!

Тәуелсіздік. Азаттық. Егемен. Осы үш сөздің мәні бір, тамыры бір діңге нәр береді. Алайда, шын мән олардың айтылуында. Тәуелсіздік болымсыз сөз. Болымсыздық сәл жағымсыздау көрінеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, болымсыз сөз жақсылықтың нышаны емес. Азаттық – рухты сөз. Ақиқаты сол айтылуы да, жазылуы да ұрандатады. Бірақ, бұл да жағымсыз. Кеше құлдықта өмір сүргеніңді көрсетіп тұратындай. Өткенді еске салатындай. Өткенсіз бүгін жоқ дегенмен, өткенге қарманып өмір сүруге де болмас. Қазақ онсыз да кешегісін ұмыт қалдырмайды. Қалдырған да емес. Ал, егеменнің жайы бөлек. Жүрекке де, тілге де жайлы. Самайдағы құлаққа да жағымды естіледі. Мұнымен не айтпақпыз? Мағынасы бір болғанмен, сөзге мән берген елміз ғой. Айтылар сөздің ырғағы мен әсеріне де бажайласақ.

Ойды ой қуады. Сол ойды әрмен ширатайық... Қазір қолданыста Ұлы Отан соғысы деген сөз бар. Түсіндіре кетсек, Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі, КСРО мен Германияның 5 жылға созылған соғысы. Қазақстанның емес. Ешкімге қиянат болмасын, сол соғыста «Отаным» деп айқасқан бабалар арамызда бар. Сол КСРО-да туып, бірақ егемен Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Екі дәуірдің куәгері. КСРО-ны да, Қазақстанды да Отаным деп біледі. Соған сәйкес егемен Қазақстанда туып, егемендіктің ауасын жұтып жүрген замандастар да бар. Олардың санасына КСРО жайлы әңгімені тарихи дерек ретінде сіңірмесек, бұйым деп білмейді. Өйткені миы таза, ойы еркін. Оның үстіне адамда Ана – біреу, Әке – біреу. Дәл сондай Отан да – біреу. Жалғыз. Ешкімде екі Отан болмайды. Заманының заңғары мұзбалақ Мұқағали: «Білесің бе, Отанның сен не екенін? (екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.) екі Отан жоқ, жалғыз Отан – мекенің», – деген еді. Ал Ұлы Отан соғысы деп жас жеткіншектің санасына құдды «Қазақстан кіші Отаның, КСРО Ұлы Отаның» деген сынаптай ойды құйып жатқан жоқпыз ба?! Мынаны түйсінейік, қазақтың Ұлы да Ұлық Отаны – егемен Қазақстан!

Әрмен кеттік. Уильям Уоллес есімі таныс па? Білмесеңіз айтайық, Шотландияның егемендігі үшін күрескен тұлға. Басқа күрескерлерден оны ерекшелейтін несі бар? Рас, тарих дегенің отарлаушылар мен бостандық үшін күресушілердің қанымен жазылды емес пе?! Қай тарихи оқиға болмасын осы екі кейіпкердің қарекетіне түзілді. Уильям Уоллестің есімі несімен ерекше? Кейіпкердің ақырғы сөзі бостандық болған екен. Тарқатайық, 1297 жылы У.Уоллес көтеріліс бастайды. Мақсат – Англиядан егемендік алу. Монарх меншігін кімге бөлшектесін, көтерілісшілермен аянбай айқасады, айлаға барады, сатқындық істетеді, Уоллесті қолға түсіреді. Сарайдың халық жиналар айлағында көтерілісшіні жазалау басталады. Уоллестен кешірім сұрап, бірден өлтіруді таңда дейді. Ал, шотландық бостандықтың оңай келмесін біледі ғой. Билеуші жендеттері жазаны бастағанда дымын шығармай жатты. Бар күшін соңғы демге сақтады. Жендеттер Уоллестің қарнын ақтара бастағанда, кейіпкеріміз «бостандық» деп айқайлаған екен. Сатқындық болмағанда Уильям Уоллес әлемдегі тағы бір егемен елдің негізін қалаушы еді. Сол У.Уоллес жайында шотландар бірнеше фильм түсіріп тастады. Әйгілісі Мел Гибсон түсірген «Батыл жүрек» (Храброе сердце) картинасы. Бірнеше музыкант ән арнап, тіпті, компьютер ойынын да жасақтады.

Әріге барсақ...

АҚШ президенті «қоғамның 1-жауы» атаған, кешкі ас ішу үшін ғана банк тонап, құқық қорғаушыларды қырғынға ұшыратқан Джонни Дилленджер жайында 9 фильм түсіріліпті.

Ұлыбританияның қоғам және саяси қайраткері Уинстон Черчилль жайында 29 кино жарыққа шығыпты.

Екінші дүниежүзілік соғысқа АҚШ-тың тікелей қатысуына себепкер болған жапондардың Перл-Харбор әскери базасына шабуыл жасауы жайында 4 фильм, 1 сериал және бірнеше деректі фильм даярланыпты.

Бұл тізімді толтыра беруге болады. Әр ұлт өз тарихын ұрпақ санасында жаңғыртуды қолға алып, тарихи фильмдер түсіріп әлек. Бір оқиғаға бір емес, бірнеше кино түсіруде. Өйткені кино – идеологиялық қару. Тіпті, қылмыскерін батыр етіп көрсету де ертеңін ойлаған елдің кәдуілгі қарекеті. Ресей қанқұйлы Колчак, Александр Солоник, Анатолий Сливко, АҚШ қылмыскер Джейси Джеймс, есірткі сатушы Джордж Джанго, тағы да басқа қылмыскерлері жайында биографиялық фильмдер түсіруде. Әлгі киноларында әйтеуір Отанды сүю жайында ой тастап отырады. Көрдіңіз бе? Ел үшін деген ерлерін түгендеп болып, қылмыскерлерін де төбесіне көтеруде көп ел.

Біздің тарих та мақтана алмайтын қанды оқиғаларға толы. Патшалық Ресей мен қанқұйлы КСРО-ның уысынан шығу үшін 300 жыл ішінде неше мәрте бұлқындық. Неше мәрте айқастық. Уильям Уоллестің ерлігін он орайтын арда тұлғаларымыз болды. Әйтеуір егемендікті алдық. Оңай келмеді егемендік. Желтоқсанның қылышынан қаһар төгілген сәтте қазақ жастары ыдырамастай болған, тұғыры биік көрінген коммунистік идеологияның іргесін сөкті, құрсауын бұзды. 15 мемлекеттің егемендігін жариялауға 1986 жылдың «Қанды желтоқсаны» себепкер болды. Бірақ Қазақстанның, тек Қазақстан емес-ау, КСРО-ның құрамында болған 15 мемлекеттің егемен ел болуына себепкер болған Желтоқсан көтерілісіне арналған 2-ақ фильм («Аллажар» және «Қызғыш құс») бар. Екеуі де тарихи әділдікті көздегенімен, қазір көгілдір экраннан көрерменге жол тартып жатқаны шамалы. Әрі жастарға үгіт-насихат болатындай (фильм жаман дегеніміз емес) жағдайда емес. Қолда бар мүмкіндікпен таспаланған соң, қазіргі аудиторияны қызықтыра алмайды. Ал ұлттық кеңістігіміз сол Желтоқсан көтерілісін тайға таңба басқандай бедерлейтін, замануи жабдықтардың мүмкіндігін пайдаланып түсірілген киноға сұранып тұр. Онсыз да екінің бірі боқтампаз, дәстүріміз бен ұлттық санамызға қырын қарайтын, тек табыс әкелетін, арзан күлкі мен оспаққа құрылған фильмдер түсіріп жүр. Жастардың санасын аяусыз улап жатыр.

«Міржақып. Оян Қазақ!» фильмі қоғамда үлкен резонанс тудырды. 30 жылда сілкінбеген сана бір тербелді. Қазақтың жаңа дәуірінде туғандарға 300 жылдық арпалыстың иісі әсер етпейтін шығар дегенбіз. Сөйтсек, егемен ел болғанда дүниеге келгендер шын тебіренді. Сезді. Сезінді. Түйсінді. Табиғатымыздан егемен болуға лайық екенімізге қанықты. Бастысы сол фильмді жасаушылар биографиялық фильм арқылы ұлт үшін күресуге даяр азаматтардың тарихымызда болғанын, қазір де барын білді. Сенбейсіз бе? Әлеуметтік желідегі сол фильмді көріп шыққан жастардың әсері бедерленген бейнелерге көз жүгіртіңіз. Ал ендігі ретте кино таспасына Желтоқсан көтерілісі сұранып тұр. Егемен елдің жастарын ұлтты сүюге, Отаншылдыққа тәрбиелеудің әліппесі «Міржақып. Оян Қазақ!» болса, «Қанды желтоқсан» жастарды одан әрі серпілтері сөзсіз.

PS. Энциклопедист Джеймс Минаханның дәлеліне сүйенсек, әлемде 300-ден аса ұлт мемлекет болуға қауқарлы. Бірақ жері жоқ. Әлі күнге отар, әлі де вассал, бағынышты. Ал, бізде асты қазба байлыққа, беті жазба байлыққа толы ұлан-ғайыр жер бар. Бастысы егемендік еншіледік. Енді қажеттісі осы егемендіктің қадірін біліп, қасиетін ұлықтау, оны ұрпаққа үйрету. Ал оны қазіргі ұрпақтың санасына сіңірудің жолы – фильм. Оны «Міржақып. Оян Қазақ!» фильмі айғақтады.

Дастанбек Садық
Фото: dknews.kz