Желтоқсаншыларды қабылдады

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 713
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов ақиқатты ардақтап, рух тегін салмақтаған, Желтоқсанда от болып алаулаған ардақты жандарды арнайы қабылдады.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырылған кездесуге ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілов, «AMANAT» партиясының  аудандық филиал төрағасы Мәлік Бейсенов, мемлекеттік мекеме басшылары, мәдениет саласының қызметкерлері және кітапхана өкілдері қатысты.

Кездесу барысында әділетсіздіктің ажал құрсауына төзбеген, намыс пен арды көздеген, антына адал Желтоқсан оқиғасына қатысушылар тарихи оқиға кезіндегі қиын сәттерді, жанқиярлық ерліктерін еске алып, өздерінің мәселелерімен бөлісіп, ауданның тыныс-тіршілігі туралы әңгіме құрды.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің дайындаған «Желтоқсан желі», «Қара бауыр қасқалдақ» әндері мен мектеп оқушыларының Тәуелсіздікке арнап оқыған өлеңдерін тыңдаған қауым көздеріне жас алып, патриоттық сезімге бөленді. Кездесу соңында аудан әкімі батырларымызға ыстық лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

"Жетісу-Ақпарат"