АҚЫН АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 805
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздік күні қарсаңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман атындағы қазақ тілі және әдебиеті кабинеті ашылды.

Сарқан қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде ашылған кабинет маңдайшасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіман аты жазылыпты. Мұнда ақын-жазушының төл туындылары, деректі прозалық кітаптары мен өлеңдер жинақтары қойылған. Әдебиет бағытындағы сынып кабинетінің лентасын аудандық ардагерлер ұйымының  төрағасы Қадыл Жанасбеков пен Жомарт Мақатұлы қиып, ізгі тілегін білдірді.

Бұл кабинет білім қуған жас ұрпаққа арналады. Шығармаларды оқу арқылы бүлдіршіндер танымды ой түйсе, ол да жетістік. Қазақ әдебиеті кабинетінің балаларға берер тәлімі көп болып, шәкірттердің кәсіби қаламгерлер атануына септігі тисе мақсатымыздың орындалғаны, – деді Жомарт Мақатұлы.

Салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде «Бабам ізі тасқа түскен таңбадай» атты оқушылар арасындағы өлең оқу байқауымен қорытындыланды. Жомарт Игіман оқуларына арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуат Қайранбаев, жазушы-драматург Дархан Бейсенбек жас талапкерлерге сәттілік тілеп, жеңімпаздарды дипломдармен марапаттады.

Байқау қорытындысында Ақын Сара атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Шұғыла Ермекбек, Абай атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушысы Інжу Жандосқызы, Островский атындағы мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Мадияр Еділұлы жүлделі орындарды еншіледі.

П. ЖЕҢІСХАН
Сарқан ауданы