Білімгерлер белесі

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 814
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan 2023» кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шықты. Оған еліміздің үлкен қалаларынан және Талдықорғаннан  колледж білімгерлері қатысты. 

17 өңірден келген 450-ден астам жас маман WorldSkills-тің 18 конкурстық алаңда 30 басты және 40-тан астам қосымша сайыста  бақ сынасты. Аталмыш байқауда Жетісу облысының құрама командасы 3 жүлделі орынға ие болды. Осыған орай облыс орталығындағы №27 мектеп-гимназиясында байқау қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға қомақты ақшалай сертификаттар мен білім басқармасының Грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар, жекелеген үміткерлер оқу орындары мен демеушілердің сыйлықтарымен марапатталды.

Байқауға қатысушыларды облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов қарсы алды.

– WorldSkills – әлемдегі танымал конкурстардың бірі.  Ол  білім берудегі кәсібилікті дамытуға тікелей әсер ете отырып, маңызды мамандықтардың мәртебесін арттырады. Бұл Жетісу өңірінің экономикасын көтеру үшін қажетті мамандарды даярлаудың бастапқы құралдарының бірі, жаңа идеялар мен трендтер жасауға мүмкіндік беретін үлкен алаң. Облыс колледждері академиялық еркіндік аясында әзірленген жаңа бағдарламалармен жұмыс істеуде. Қазіргі таңда студенттерді оқыту нәтижелері халықаралық стандарттардың талаптары бойынша бағаланады. Бүгін біз VII ұлттық чемпионатта Жетісу жастарының жетістігін қолдау үшін жиналдық. Мен чемпионаттың барлық қатысушыларына ризамын! – деп Марат Бекбосынұлы ізгі тілегін білдірді.

«WorldSkills Kazakhstan 2023» қатысушыларын марапаттау рәсімін Марат Сүлейменов, білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Әлішер Башаров және «Жетісу облысының білім беру, бюджеттік ғылым және жоғары білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің  басшысы Мэлс Төлепбергенов өткізді. Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледж студенттері тамаша әнмен кештің сәнін кіргізді. «Кондитерлік іс» аталымы бойынша алтын медаль иегері, Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжінің студенті Жансая Нұрсұлтан келер жылдың қыркүйегінде Францияда өтетін WorldSkills халықаралық турнирінде отандасымыз Қазақстанның намысын қорғайды. 

Айғаным АЙТМҰХАН