ВЕТЕРИНАРИЯ АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 442
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Соңғы онжылдықта Қазақстанның ветеринарлық қызметін ұйымдастыруда көптеген жүйелі проблемалар жинақталды. Сондықтан бұл сала қордаланған мәселенің түбегейлі шешілуін, жүйенің жаңалануын қажет етеді. Сонда ғана қазіргі қолайсыз жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туып, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отандық өндірушілер үшін өнімді сыртқа өткізу нарықтарын ашуға жол табылады.

Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан халықаралық эпизоотиялық бюродан вакцинациясыз аусылдан таза аймақ мәртебесін алған болатын. Алайда, аусыл ауруы мезгіл-мезгіл өршіп, олар ресми түрде танылмады. Кейіннен мұны жасыру мүмкін болмады. Өйткені, аурудың бір ошағы анықталып, Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесінен айырылды. Осыдан кейін қазақстандық мал шаруашылығы өнімдері үшін Ресей де, Қытай да жабылды. 

Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Гайса Абсатировтың айтуынша, бізде Ауылшаруашылығы министрлігі, оның құрылымында  ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, өз кезегінде республикалық ветеринарлық зертхана, республикалық эпизоотияға қарсы жасақ, ұлттық референттік орталық сияқты құрылымдар бар. Облыстарда ветеринария басқармалары, республикалық құрылымның барлық аймағында филиалдары жұмыс істейді. Бірақ саладағы қызмет толық үйлестірілмеген, сондықтан олардың бірде-бір мақсатты жұмысы жоқ. Өңірлерде де солай. Олар тек мораторийге сілтеме жасайды, тексерулер жүргізе алмайды. Аурудың өршуі де осындай себептерден орын алды. Экспорттық нарықтардың жабылуы да осыған байланысты болды. 

Бір кездері ветеринарлық қызметті агроном, экономист сияқты әртүрлі сала мамандары атқарды. Осының салдарынан ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі қазіргі күйге жетті. Жасыратыны жоқ, бүгінде ветеринарлық мамандардың жалақысы төмен. Бұл кадр тапшылығына алып келеді. Шамалы өсім бар десек те, еңбекақы әлі де оңтайлы деңгейден алыс. Сонымен бірге өңірлерде еңбекақы төлеуде айырмашылық бар. Ол да реттеуді қажет етеді. Бір ветеринарлық маманға жүктеме мәселесі де шешілмеген. Бұрын норматив болған – бір адамға 850 бас. Ал қазір бір ауылдық округте ветеринар 1 900-ден 2 500-ге дейін малға қызмет көрсетуге мәжбүр. Әрине, ол мұның бәрін жасай алмайды және сапа зардап шегеді.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жас ветеринарларды ауылға тартудың ешқандай әсерін тигізбеді. Олар ауылға барғысы келмейді. Оған тұрмыстық жағдай, жұмыстың жоқтығы, ауыл инфрақұрылымының дамымауы кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ, тағы да төмен жалақы. Сол себепті жыл сайын ветеринарларды оқытуға бөлінетін гранттар игерілмейді. Немесе оқуға бастапқыда мамандық бойынша жұмыс істеуді жоспарламаған талапкерлер барады. Жас маман лайықты жұмыс орнын ұсына алатын, өмір сүру жағдайын жасайтын озық мал шаруашылықтарына таңдау жасайды.   

Ресейде қазір ірі агрохолдингтердегі ветеринар маманы 150 мың рубльге дейін алады. Қарапайым маман 56 мың рубль базалық мөлшерлемеден бастайды. Биылғы жылы ветеринар мамандығы Ресейдің агроөнеркәсіп кешені сұранысының топ 3-тігіне кірді. Мамандықтың беделі де маңызды. Қазақстанда әлі күнге дейін ресми кәсіби мереке – ветеринарлық маман күні жоқ. Бейресми түрде ветеринарлар оны 10 шілдеде атап өтеді. Бұл «ҚР Ветеринария туралы» Заңының бекітілген күні. Бірақ, әзірге бұл мерекені Үкімет ресми түрде қабылдамады. Мамандар бұл бір кездері болады деп үміттенеді. Қажетті мамандықтың маңыздылығын «медицина адамды, ал ветеринария – адамзатты емдейді» деген қанатты сөз растайды.

Бүгінде аталған салаға қайта мән беріле бастады. Ел Президенті бұл салада жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс екенін атап өтіп, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау, оны автоматтандыру, маман даярлау, олардың жалақысын көбейту шараларын ескеру қажеттігін назарға алды. Нәтижесінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мәртебені қалпына келтіру мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Үкімет ветеринарлық-санитарлық нысандарды, пункттерді, бөліністерді, зертханаларды жайластыруға, қызметтік автопаркті жаңартуға қомақты қаражат бөлді. Жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау үшін цифрландыру енгізілуде. 

Бір сөзбен айтқанда, мал басының амандығы мен өнімділігі жергілікті ветеринарлардың жұмысына тікелей байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін болмайтынын ескерген жөн.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА 
Фото: kazpravda.kz