Сайын туған өлкеде газет жанашырлары көбейсе...

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 330
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ескелді ауданының тұрмысы әуелден ауылшаруашылығына негізделген. Мұндағы ағайын Жер-Ана төсін еміп, көктемде дән сеуіп, күзде нәпақасын жинап, өрісіне төрт түлік өргізу арқылы ырыс-несібеге кенеліп отыр. Бұл мұнда өндіріс жоқ дегенді білдірмейді. Алайда сол өндірістер ауылшаруашылығының көлеңкесінде қалады. Жұрт кемсіту деп ұқпасын, бірақ дала еңбеккерлері ауданы десек те артықтық етпес. Сол ауданның тыныс-тіршілігін бағдарлау мақсатында ат басын бұрған едік.

Әуелгі шаруа баба есімін арқалаған аудандағы жаңашылдықты, тек жаңашылдық емес, кемшілікті білмекке бірінші басшыны аралайтын байырғы әдет қой. Аудан басшысы Елдос Ахметов елең-алаңнан қаламды қару еткендер келеді дегесін күтіп отыр екен. Олай дейтініміз, жұмысы қауырт, ауыл-ауылдың тұрмысын түзеймін деген ниеттегі әкім елді мекен аралауға бағыт алыпты. Содан жұмыс жоспарын өзгертіп, бірер сағатты алға салып, кабинетіне таң қылаң бере енгенге ұқсайды. Бізді де тосылдырмады. Аз-кем саулықтан соң өз жаңалықтарымен бөлісе кетті.

Аудан басшысы сөз басын бюджеттен бастады. Биылғы бюджет 8,5 миллиард теңгені құраған. Осы жылдың 11 айында бөлінген қаржының 7 миллиард теңгеден астамы игерілген. Сонымен қатар салықтан, өзге де төлемдерден бюджетке 2,6 миллиард теңге түскен.

Елдос Ахметовтың айтуынша, биыл Ескелді ауданында құрылыс қарқынды. Уақыт талабы, заман талабы дейміз ғой. Сол заман мен уақыттың талабына сай құрылыс нысандарын салуға ден қойыпты. Бағзыдағыдай кірпіш қалап, лай құйып ғимарат салу жоқ. Әрі уақыттан да ұтымды. Бір ғимаратты салу үшін бір-екі жыл уақыт кетпейді. Бар-жоғы 1,5-3 ай уақыт жеткілікті. Бұл блокты-модульді ғимараттар. Е, бұл жаңалық емес деуіңіз орынды. Ескелді ауданындағы жаңалығы сол ауыл-ауылда бір емес, бірнеше блокты-модульді ғимарат бой көтеріп, жұрттың игілігіне пайдалануға берілуде. Мәселен, жуырда 16-желтоқсанға орай бірнеше елді мекенде ауылдық округ әкімдігінің, ветеринарлық стансы ғимараттары пайдалануға берілді. Аудан басшысының сөзінше жыл аяғына дейін 3 амбулатория, 2 ветеринарлық стансы, 3 әкімдік пайдалануға беріледі. Жуырда Қарабұлақ ауылында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің де құрылысы аяқталады. Елдос Ахметов бұл тұрғын үйдегі пәтерлер «Oтбасы банкі» АҚ арқылы берілетінін айтты.

Құрылыс демекші, аудандағы Қора өзенінен 1 үлкен су электр стансысы салынуда. Оның да жұмыс істеп, электр энергиясын беретін күн алыс емес. Екі ауданның (Көксу және Ескелді аудандары) кәдесіне жарайтын өндіріс орны ашылған кезде 25 адам тұрақты жұмысқа алынады. Құрылыс жұмыстарын да аудан тұрғындары жүргізуде. Осы нысан пайдалануға берілсе, Ескелді ауданында 5 су электр стансысы жұмыс істейді. Оның біреуі үлкен, ал қалғаны шағын. Бір іштартатын жайт, аудан орталығы саналатын Қарабұлақтағы қант зауытының тұралап қалуы еді. Аудан басшысы осы зауыттың тамырына қан жүгірту мүмкін емесін алға тартты. Өйткені мұндағы жабдықтар заман талабына сай емес, әбден ескірген. Оның үстіне зауыт ғимараты да жамап-жасқауға келмейді. Әкім сөзінше, зауыттың 8 гектарға жуықтайтын қызылша қабылдау аймағы мемлекет меншігіне қайтарылып, жақын маңда құрылыс айлағына айналады. Көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Аудан халқын көгілдір отынмен қамтуда да ауыз толтырып айтар қарекет бар. Елдос Ахметов 2025-2026 жылға дейін аудан көлеміндегі 27 елді мекен толық газдандырылатынын жеткізді. Айтуынша, қазір аудан орталығы Қарабұлақ ауылы 100 пайыз газбен қамтылған. Одан бөлек, 3 елді мекен көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл тағы екі ауыл, атап айтқанда, Бақтыбай және Алдабергенов ауылының тұрғындары газға қол жеткізеді. Одан бөлек, келе жатқан жаңа жылда 5 ауылға көгілдір отын желісі тартылады.

Көпшілік біледі, биыл ескелділік ағайынды толассыз жауған жауын әбігерге салған еді. Қызыл су Ескелді ауданы, Ешкіөлмес елді мекенін басып, сарсаңға салды. Аймақ басшысы Бейбіт Исабаев өзі бастап барып, апат болған әрбір тұрғынға көмек берілетінін жеткізген. Айтқандай-ақ, көмек берілді. Аудан әкімі Елдос Ахметов су басқан 22 үйдің апатты деп танылып, оларға жаңа баспана алуына жағдай жасалғанын жеткізді. Одан өзге тілсіз жаудың зардабын шеккен 89 тұрғынға көмек беріліпті. Сонымен қатар, ауылдағы арық желілері, көшелер дер уақытында лайсаңнан тазартылған. Ауыл тұрғындарының өтінішімен 2 көше асфальттанып, 3 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Қазір сол «апаттың зардабын тарттым, көмек берілмеді» деген тұрғын жоқ екен.

Жетісу өңірінде туризмнің тамырына қан жүгіртуге ерекше мән берілуде. Аймақ басшысының назарындағы Бұрқанбұлаққа апарар жолдың жайы да жақсаратын күн алыс емес. Қора өзенінің аңғарына салынатын жол Текелі қаласынан басталып Бұрқанбұлаққа жетеді. Қазір жергілікті әкімдік аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын даярлауда.

Мемлекет басшысы Жетісу өңірін қант өндіру орталығына айналдыруды тапсырған еді. Қазір облыстың қай ауданында болмасын тәтті түбір егістігі ұлғайтылды. Әу бастан қызылша егуден көш бастап келе жатқан аудан бұл дақылды егу көлемін әлдеқайда ұлғайтқан. Биыл ескелділік диқандар 1900 гектарға қант қызылшасын егіпті. Аудан әкімі зауыттарға өткізілген әрбір тәтті түбірдің 50%-зы ескелділік еңбеккерлердің өнімі екенін алға тартты. Олай айтуға да негіз бар. Қазір ауданда 15 тәтті түбір жинайтын комбайн бар. Бәрі заманауи. Ауданның бетке ұстар «Хильниченко и К» шаруашылығы жуырда тағы 2 комбайн алыпты. Мұндай жарақты техника мен еңбекқор шаруалар тұрғанда өрістің кеңейетін реті ғой. Аудан басшысы ауылшаруашылығындағы жаңалықтардан одан әрі жіпке тізгендей баяндады. Жыл басынан бері аудан шаруалары 12 мың тонна құс және мал етін, 35 мың тонна сүт өндіріпті. Мұндай жетістікке ескелділік ағайынның қолындағы 42 мың бас мүйізді ірі қара, 14,5 мың бас жылқы, 160 мыңнан астам уақ мал және 62 мыңнан аса құс жеткізген. Одан бөлек, ауданда 3850 кәсіпкерлік нысаны бар. Аудан басшысы саладағы кемшін жайттарға да тоқталды.

– Жер дауы, жесір дауы қазақтың әу бастағы мәселесі ғой. Жер дауына байланысты мәселелерді шешуге білек сыбана кірісіп кеттік. Биыл 18 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жерлер енді егін егемін, шаруамды дөңгелентемін деген тұрғындарға берілуде. Шыны керек, ауылда, ауылшаруашылығында мамандар тапшы. Себебі, жастар төрт түлік бағып, егін егіп несібе жинағаннан гөрі қалада, сауық пен сайранның ортасында жүруді көздейді. Содан қалаға кетіп, мейрамханаларда даяшы, аспазшы болып жүр. Бәрі дей алмаймыз. Бірақ анығы сол. «Хильниченко и К» шаруашылығында жерге дән түскеннен оны жинап алғанша жұмыс істесе, тынымсыз нәтиже көрсетсе 4-5 миллион теңге табыс табар еді. Әрі осы шаруашылық үймен де қамтамасыз етеді. 5 жыл шаруашылық берген баспанада тұрса, сол шаруашылықта жұмыс істесе сол үйді атына аударып алар еді. Бірақ, олай істемейді. Қалаға асығады. Мұның бәрі «оқымаудың» нәтижесі. Газет оқымайды, кітап парақтамайды. Өздеріне үлгі болар тұлғалар осы газет бетінде тұр. Газет-журнал оқымау – ғасыр дерті, – деді Елдос Ахметов.

Аудан басшысының сөзінше, газет – тарихтың тәпсірі, өнеге, тәрбие, білімнің қайнар көзі. Бірақ, ұрпақ үшін газет оқу «тренд» емес. Жастарды оқуға үйрету керек. Айта кететін жайт, Сайын Мұратбеков туған өлкеде газеттің оқылымы төмен болуы жөн емес. Сайын қазақ классик қаламгерлерінің үздік ондығына кіретін жазушы. Қаламгердің өзін талай жұрт жөнді танымаса да «Тоқтаңдаршы балалар, ертегі айтып беремін» дейтін ертегіші Аян атты кейіпкері бар «Жусан иісі» повесін жақсы біледі. Күллі қазаққа Сайын Мұратбековтей классик-жазушыны сый еткен, бірақ бірде-бір нысанға сол Сайынның есімі берілмеген ауданда «Jetіsý»  газетінің оқырмандары көп болады деп сенеміз.

Дастанбек САДЫҚ 
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ