Республикалық маңызы бар автожолдар қысқа дайын ба?

Уақыты: 28.12.2023
Оқылды: 618
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі оператор. Компания құзіретіне республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп ұстау және жол бойындағы сервистік нысандарды дамытуды бақылау функциялары берілген сондай-ақ, ақылы көлік қозғалысын ұйымдастырушы.

Республикалық маңызы бар автожолдар қысқы кезеңге дайын ба, экономиканың негізі күре тамыры саналатын автожолдардағы бүгінгі ахуал қандай, қысқы күтіп-ұстау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы сауалдар бойынша жауапты "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ-нан сұрадық.

Ұлттық компанияның мәліметі бойынша, арнайы қыс мезгіліне 515 өндірістік база дайындалған, оның 121-і төтенше жағдайлар кезінде қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға арналған жылу пункттері. Ал, өндірістік базаларда мұздан тазартатын материалдардың барлық қажетті мөлшері жинақталған, мәселен, 90,2 мың текше метр құм, 24,9 мың тонна тұз, 29,3 мың текше метр сүзгі, 24,8 мың текше метр құм-тұз қоспасы және 2 мың тонна химиялық реагенттер, олар күнделікті қысқы күтім мен мұзды бақылау үшін қолданылады. Жалпы алаңдауға еш негіз жоқ. Жауапты компания қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына сақадай сай.

Автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау үшін 1389 бірлік қар тазалау техникасы, атап айтқанда: КДМ, автогрейдер, трактор, шнекоротор, тиегіш, сондай-ақ, қосымша 118 бірлік техника жалға алынды.

Нәтижесінде, барлық құрал-жабдықтар мен техникалар қолайсыз ауа-райында үздіксіз жұмыс істейтін болады. Былтыр 379 жаңа жол пайдалану техникасы сатып алынды, оның 346-сы қар тазалауға арналған.

Компания жолдарды қардан тазарту жұмыстарын тәулік бойы жүргізеді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, еліміздегі үнемі қар басып қалатын аумақтардың жалпы ұзындығы 2,7 мың шақырымды құрайды. Қарды ұстау мақсатында, жолдарға 364 шақырым тұрақты қоршаулар орнатылып, 4328 уақытша жол белгілері және 57 мың метр уақытша қар ұстау қалқандары қойылды.

Қыста "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ мен оның барлық бөлімшелері, оның ішінде аймақтық филиалдар мен еншілес компаниялар күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Жағдайды бақылап, мониторинг жасау мақсатында тәулік бойына ҚР Көлік министрлігінде ахуалдық орталық және "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ 1403 байланыс орталығы жұмыс істейді.

Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ