"Өмірдің бұралаң жолы мені саясат сахнасына алып келді": Ринат Зайытов өзгеше кеш бермекші

Уақыты: 26.01.2024
Оқылды: 2407
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытовтың шығармашылық кешін беретіні осыған дейін де айтылып жүрген. Алайда "ол кеш қашан?", "кімнің қаржысына қалай өтеді?" деген сауал көптің ойына көптен оралғыштаған. Себебі де ақынның депутаттық мандатына тірелетіндей. 

Осы ретте, Мәжіліс депутаты Instagram парақшасында шығармашылық кешті қалай өткізетінін жария етті. 

Әуелден өнер адамы екенім бәріңізге аян. Бірақ, өмірдің бұралаң жолы мені саясат сахнасына алып келді. Бүгінде әр күнім кешегі көрерменді сағынумен өтеді. Кейінгі он айда есіме түсетін бақытты сәттерім аса көп емес. Сондай сәттердің ең тәттісі осыдан екі жыл бұрын өткен шығармашылық кешім. Содан бері қарбалас жұмыстардан уақыт үнемдеп, сіздермен тағы бір жүздесудің ретін келтіруге барымды салудамын. Шүкір. Оның да орайы келген сияқты, - дейді Ринат.

Сонымен бірге, ол концертті ұйымдастыруға мемлекет қаржысынан бір тиын да істетілмейтінін атап өткен. 

Кеш-түгелдей жанды дауыста өтеді. Өздеріңізге танылған әндерді Қазақ сахнасының жұлдыздары: Мейрамбек Беспаев, Ғаділбек Жаңай, Заман тобы, Нұржан Шөкенов, Мақпал Исабекова, Ермек Меденов, Бибігүл Қилымхан, Әсет Есжан, Айсауле Қайырғазина, Ұлжан Ағлақова, Нариман Әбдірахманов, Азат Дулатұлы, Құралай Өтепова, Ерсейіт Әлиев және тағы басқа Алатау ансамблінің сүйемелдеуімен орындайды.
Уақыт тауып, келген көрермен өкінбейді. Біз сіздерді сағына күтеміз!, - дйді депутат. 

Айта кетейік, ақпан айының 10-ы күні, Алматыдағы Республика сарайында сағат 19:00-де «Абайлаңыздар» атты музыкалық кеш өтеді.

Сурет: ulysmedia.kz