Тұран жолбарысын жерсіндіру үшін Балқаш жағалауына 60 құлан жіберілді

Уақыты: 12.02.2024
Оқылды: 405
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұл бастаманы іске асыру үшін әуелі Қазақстанға Амур жолбарысын әкелу жоспарланған. Ол түрі жағынан Тұран жолбарысына ең ұқсас аң саналады және бұрындары Сырдария мен Іле өзенінің жағалауын мекендеген.

Тұран жолбарысы Қазақстанға 2026 жылға қарай оралуы мүмкін. Бұл туралы Самарқандта өтіп жатқан жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысы (COP 14) аясында БҰҰ Даму бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жөніндегі сарапшысы Айман Омарбекова мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бойынша Қазақстанда ауқымды істер қолға алынды. Мәселен, ел Үкіметі осы жыртқышқа арналған экожүйені қалыптастыру үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен гранттық келісім жасады. Оның аясында Тұран жолбарысының қоректік базасын құру басталды. Бүгінге дейін Алтынемел ұлттық паркінен Іле-Балқаш резерватына 60 құлан әкелінді. Сонымен қатар, Қара Бақанас арнасын тазарту бойынша жобалық құжаттама әзірленді. Оның нәтижесінде Тұран жолбарысына қажетті көлемде су болады деп жоспарланған», - деді Айман Омарбекова Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен келісімге қол қойған. Соған сәйкес, аталған ұйым өз қаражаты есебінен Алтынемел ұлттық паркіне бұқар бұғысын әкелді.

«Бұқар бұғысы Тұран жолбарысының қорегі үшін қолданылады. Жалпы оның экожүйеге де пайдасы аз емес. Бұл бастаманы іске асыру үшін әуелі Қазақстанға Амур жолбарысын әкелу жоспарланған. Ол түрі жағынан Тұран жолбарысына ең ұқсас аң саналады және бұрындары Сырдария мен Іле өзенінің жағалауын мекендеген. Оларды 2026 жылға қарай әкелу көзделіп отыр. Әзірге бұл мәселе пысықталып жатыр. Алғашында тек 2-3 бас қана алып келінуі мүмкін», - деп түйіндеді Айман Омарбекова.

ФОТО: PIXABAY.COM