Қостанай жылқысы мен Кабирханды будандастыру ұсынылды

Уақыты: 23.02.2024
Оқылды: 314
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде бейресми ақпарат бойынша 200-ге жуық Қостанай жылқысы қалған. Соның 48-і Қостанай облысында «Қазақ тұлпары» ЖШС-ның меншігінде. Алайда кейінгі жылдары жануар басы көбеймеген, тіпті құлын-тай 1-1,5 млн теңгеден сатылған.

Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Бауыржан Қасенов айтты.

Осыдан 70 жыл бұрын ғылыми зерттеудің арқасында жылқының Қостанай тұқымы пайда болды. 1980 жылдары оның саны 40 мыңнан асып жығылды.  Қазір Қостанай облысында «Қазақ тұлпары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Ол жерде 48-ақ Қостанай жылқысы қалды. 28-і – аналық. Жағдайы қиын, қарызы 300 млн теңгеге дейін жетті. Бір кездері жалақы дұрыс төленбей, білікті кадр дұрыс жиналмады. Бізде бар ақпаратқа сәйкес, ел бойынша 200-ақ жылқы қалды. Оның ішінде сол тұқымға сәйкес келетіні, қанша аналық бар екенін білмейміз, - дейді ол.

Айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша Қостанай жылқысы тұқымын сақтау бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Ал Қостанай жылқысы не себепті азайып кетті деген сұраққа басқарма төрағасы Үкіметтің көңіл бөлмегенін айтып жауап берді.

Уақытында дұрыс көңіл бөлмеген Үкіметтің өз кінәсі де бар шығар. 2014 жылға дейін селекциялық жұмыстарға ақша бөлініп тұрды. 2014 жылдан бастап ақша бөлу тоқтатылды. (...) Қазір әртүрлі аймақта неше түрлі бәйге өткізіледі. Қандай жылқы, қандай тұқым қатысатынын қарамайды. Егер бәйгеге ағылшын сәйгүлігін қоссақ, Қостанай жылқысы оған қарсылас бола алмайды. Қостанай жылқысына арнап кейінгі 1-2 жылда арнайы жарыстар ұйымдастырып жүр. Бірақ соны бұрын, ертерек ұйымдастыру қажет еді. Осыдан 10-15 жыл бұрын істегенде, қазір біз бұл тақырыпты көтермейтін де едік. Себебі сұраныс болушы еді, - дейді Бауыржан Қасенов.

Оның сөзінше, Үкімет 2024-2027 жылдардағы ғылыми жұмыстарға Қостанай және Адай жылқысына арнап 680 млн теңге бөлді.

«Күтіп-ұстауға Үкіметтен қаржы бөлінеді, бірақ ол аз. Бұл Үкіметтің ғана мәселесі емес, оны тек Үкімет арқылы шешу де қате. Жекеменшік кәсіпкерлердің ішінде атты жақсы көретіндер бар. Мәселеге бей-жай қарамайтын бір ғана адам емес, бірнеше кәсіпкер үлес қосуы үшін арнайы қор құру туралы ұсыныс айттық. Қордың жұмысына араласпаймыз, оны жеке азаматтың бастамасы ретінде құрылады. (...) Қостанай жылқысының санын көбейтсек, сапасын да қатар арттыруымыз қажет. Кабирханның иесі осы бағыттағы жұмысқа үлесін қосамын десе, біз дайынбыз. Қостанай тұқымының арнайы кітабында осы тұқымды жақсартуға үлес қосқаны жазылады. Бұл – ғылыми жұмыс. Ұсынысты қолдаса, қазақ жылқысының дамуына қосқан үлесі болады», - дейді ол.

Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы да Қостанай жылқысының жойылудың алдында тұрғанын мәлімдеді. Қостанай жылқысына субсидия бөлу, басын көбейту, ғылыми зерттеулер жүргізу, тұқымын асылдандыру мәселелері қарастырылған заң жобасы әзірленген.

Фото:instagram.com/racingdubai