"Мұз айдынына автокөлікпен шығуға болмайды": Балықшылар назарына

Уақыты: 23.02.2024
Оқылды: 317
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының құтқарушылары балықшылардың қауіпсіздігі үшін сақтықты күшейтті. Мамандар көлге шығып, бірқатар жұмысты пысықтады,  деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Құтқарушылар оқыс жағдайға сақадай сай болуы керек. Сондықтан олар үнемі шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырып отырады. 24.kz сайтында жарияларған ақпаратта қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін былтыр арнайы техника берілгені жазылған. Сумен де, мұзбен де жүретін қайық оқиға орнына жылдам жетуге көмектеседі. 

Көлдің терең тұсында балық қармақты жақсы қабады. Сондықтан балықшылар да мұз үстімен жүріп, жағалаудан ұзап кетеді. Мұздың жарылған жерін жағалай отырған балықшылар үшін ауа райы қолайлы болып тұр. Бірақ күн әп сәтте өзгеріп, көпшілікке қауіп төндіруі мүмкін. Алакөлде көбіне ақтүтек боран соғады. Сол кезде мұз жарылатын кездер жиі болады. Құтқарушылар балықшыларға қауіп-қатер төнген жағдайда жасалатын іс әрекеттерді айтып, қажет құрал-жабдықтарды да тізбектеп берді.   

- Мұз үстіне шыққанда құтқару кеудешелерін қолданса, өздерімен бірге 5-6 метр арқан-жіп алып жүрсе дейсің. Мұз да әртүрлі болады. Көкшіл, ақшыл мынандай мұз автокөлікті көтермейді. Толық тығыз қатпаған. Сол үшін мұз айдындарына автокөлікпен шығуға болмайды, - дейді ТЖД Алакөл құтқару қызметінің жетекшісі Марат Смағұлов.

Өткен қыста Алакөлдің бетіндегі мұздың опырылуынан бес адам суға құлап абырой болғанда аман қалған. Қайғылы жағдайға душар болмас үшін саладағылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек деп отыр.

Фото: gov.kz