«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша облыста 1 қаңтардан бері ақша шешу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 22 адам өтініш түсірген. Солардың 15-і жоғары білім алу ақысын өтеу мақсатында әрекеттенсе, 7-уі тұрғын үй жағдайына байланысты өтініш берген. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ел көлемінде аталған жобаға қатысушылардың жалпы саны 6919 131 бала. Оның биыл 304 815-і он сегіз жасқа толады. Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелініп отыр. Сала мамандары бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды, – дейді. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады.
«БЖЗҚ» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Әнуар Елеусізов былай дейді:
– Жетісу облысында кәмелетке толмаған 200 мыңнан аса бала бар. Олардың кәмлет жасқа толған әрқайсы Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, оқу ақысын төлеуге, оның ішінде шетелде білім алуға жұмсай алады. Бірақ баспананы тек ел аумағынан сатып алуы керек. Бұл бағдарлама бойынша 18 жасқа толған азамат автоматты түрде нысаналы жинақтаушы шотына қаражаты аударылады. Және 10 жыл аралығында ақшасын пайдаланбаған жағдайда онда 10 жылдан кейін ерікті сол азаматтың өзінің зейнетақы жинақтаушы шотына автоматты түрде аударылады.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында (баланың ЖСН бойынша) тексере алады. Сондай-ақ, бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, көкейде туындаған сауалдар болса оған да жауап алуға болады. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы жеке кабинетінде тексере алады.
Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексеруге мүмкіндігі бар. Еліміздің жасы, жынысы, өңірлері бөлінісіндегі есептеулер бойынша статистикалық есептер enpf.kz сайтында тұрақты түрде орналастырылатын болады, – дейді жауаптылар.
Айта кетейік, бала Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда Ұлттық қордан төлем аударылмайды. Ал қайтыс болса қор төлемі тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Яғни, қаражат баланың туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
Медет ЖҰМАБАЙ
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»