Мәдениет – ғасырлар бойы жинаған адамзаттың рухани байлығы, баға жетпес құндылығы. Ауыз әдебиетінен көш тартып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының төл мәдениеті сан ғасырлық сынақтан мүжілмей өтіп, таза да кіршіксіз қалпымен бізге жетті. Осы құндылықты болашаққа табыстау біздің аманатымыз. Осы тұрғыдан өңірімізде соңғы жылдары жасалған мәдени-рухани саладағы игі бастамалар мен оның нәтижесі төңірегінде ой қазғасақ. Ендеше, біздің мәдениет қандай деңгейде? Қарапайым тілмен айтқанда Үкімет тарапынан қандай бағдарламалар, қамқорлықтар жасалып жатыр? Бұл туралы Тіл сарайында өткен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алқа мәжілісінде сөз болды. Жиында негізгі баяндаманы облыстық басқарманың басшысы Қуаныш Сүлейменов жасады.
Оның айтуынша, бүгінде аймақтағы мәдениет, архив мекемелерінің саны 310-ға жетіп, штат саны 2019 бірлікті құрады. Мәдениет және архив саласына 10 млрд. 897 млн. теңге қаржы қарастырылған. Биыл саланың штаты 2140,5 бірлікке жетіп, бюджеті 14 млрд. 663 млн. теңгеден асады деп күтілуде. Әрине, жетістік санмен өлшенбейді. Сапаның салмақты болуы қолға алған жұмыстың жүйелі болғанын көрсетері анық. Ендеше, «өткен жылы не істелді? Алдағы уақытта не істеледі?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Әрине, өткенді еске алмай, келешекке байлам жасай алмайтынымыз анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауылдағы мәдениет ошақтары талан-таражға түсіп, тағанынан басқа түгі қалмағанын талай айттық. «Орнында бар оңалар» демей ме?! Енді сол оңалған дүниені жазып жатқанымызға шүкір етемін. Былтыр мәдениет мекемелерінің ескісі жаңарып, жаңасы бой көтере бастады. Басқарма басшысының айтуынша, былтыр Ақсу ауданы Ақсу ауылдық, Кербұлақ ауданы Жоламан ауылдық және Текелі қалалық Мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмысы аяқталып, Алакөл ауданы Ақжар, Қаратал ауданы Кәлпе ауылдық Мәдениет үйлері және Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілген. Ал Ескелді ауданы Қаратал ауылдық Мәдениет үйінің құрылысы, Ақсу ауданы Көшкентал ауылдық, Ескелді ауданы Бақтыбай ауылдық, Сарқан ауданы Көктерек ауылдық, Сарқан ауданы Алмалы ауылдық, Панфилов ауданы Н. Головацкий ауылдық, Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылдық және Қарашоқы ауылдық Мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмысы осы жылы толығымен аяқталмақ.
Сонымен қатар, биыл Панфилов ауданы Тұрпан ауылдық, Қаратал ауданы Көкпекті ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу, Ақсу ауданы Матай, Есеболатов ауылдарында спортзалмен біріктірілген Мәдениет үйі мен Арасан ауылында Мәдениет үйі жаңадан салынады. Осы тұста Ескелді ауданы, Қоңыр ауылында құрылыс жұмысының 95 пайызы өткен жылы біткен блокты-модульді клуб мамыр айында ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, 700-1000 тұрғыны бар 11 ауылға блокты-модульді клубтар орнату үшін бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Жаңа мәдениет нысанын салу облыстың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлес қосады. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, түрлі үйірме іске қосылады.
Мемлекет басшысы 2022 жылы Жетісу облысындағы жұмыс сапарында Талдықорған қаласынан Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату және Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды музей кешеніне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу туралы тапсырма бергені есімізде. Бүгінде тапсырма толығымен орындалған.
Былтыр архив, кітапхана, театр, филармониядағы әріптестеріміз жақсы жетістіктерге жетті. Жетісу облысының мемлекеттік архиві Жезқазған қаласында өткен республикалық архившілер байқауында жүлделі І орын, республикалық жас кітапханашылар байқауынан облыстық кітапхана ІІ орын, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры 3 халықаралық фестивальден арнайы жүлдемен, облыстық филармония ұжымы Түркия мемлекетінде өткен түркітілдес мемлекеттер арасындағы фольклорлық фестивальдан жүлделі І орынмен марапатталған.
Жетісу жерінде мәдениет пен өнер саласындағы жерлестерімізді ұлықтау ісі де дәстүрге айналғаны белгілі. Былтыр Ақын Сараның 170, Мұқан Төлебаевтың
110, Кемел Тоқаев пен Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойлары ауқымды аталып өтті. Жоғарыда аталған атаулы даталардың ішіндегі Бикен Римованың 100 жылдығы аясында «Өнермен өрілген ғұмыр» атты көрме Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында қойылды. Сондай-ақ, облыстық филармонияға Дәнеш Рақышев, Қаратал аудандық Мәдениет үйіне Қабылиса жырау, Сарқан аудандық Мәдениет үйіне Құман Тастанбеков есімдерінің берілуін жақсылыққа баладық. Өңірде мәдениет пен әдебиеттің дамуына зор үлес қосып келе жатқан ақын-жазушы, суретші, композиторларға облыс әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалып, кітап шығаруға бағытталған қолдау қарастырылған.
Даламыздағы күмбезін күн шалған ғажайып ғимараттар, сән-салтанатқа бөленген сырлы сарайлар, биік тұғырларда орнатылған алып ескерткіштер, таңғажайып жазбалар, сырлы суреттер ата-баба парасатының жарқын үлгісі. Бұл үрдіс бүгінде өз маңызын жоғалтпай, жалғасын табуда. Былтыр Талдықорған қаласында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Нұрмолда Алдабергенов саябағы ашылды және ескерткіші бой көтеріп, ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бастауына айналды.
Балалар шығармашылығына бағытталған «Жетісу жұлдыздары», «Ақ көгершін» байқауы, Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Тағы бір таң, ақпанда» атты 2 концерт, Ескелді би Жылкелдіұлының 330 жылдығына арналған «Ел қорғаны – Ескелді» республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, «Жетісу сазы» І республикалық фольклорлы-этнографиялық ансамбль байқау-фестивалі, облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы эстрадалық-симфониялық оркестрінің классикалық музыка кеші, «Жер жаннаты Жетісу» атты Жетісу облысының аудандары мен қалаларының мәдениет күндері және гала- концерті талай жанның шабытын шалқытты.
Басқарманың биылғы жоспары да ауқымды. Оның баянын алдағы уақытта басылым арқылы оқырмандарға жеткізіп отырамыз. Десе де биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы, сонымен қатар, Мұхамеджан Тынышбаевтың 145, Пышан Жәлмендеұлының 140, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұстафа Шоқайдың 135, Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Тұрар Рысқұловтың 130, Қаныш Сәтпаевтың 125, Әбілхан Қастеевтің, Әлкей Марғұланның 120, Шәкен Аймановтың 110, Бердібек Соқпақбаевтың, Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойлары аталып өтетінін және тұлғаларға арналған жазба ақындар мүшәйралары, пленэрлер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, халықаралық ғылыми-танымдық экспедициялар ұйымдастырылып, театрда қойылымдар сахналанатынын айта кеткен жөн. Талдықорған қаласында Әбілхан Қастеевке және Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіштер орнатылады. «Жер жаннаты Жетісу» атты аудандар мен қалалардың мәдениет күндері биылдан бастап телевизиялық жоба ретінде жүзеге асырылмақ.
Дегенмен, аймақтағы мәдениет және архив саласында бірқатар өзекті мәселелер де бар. Айталық, 5 мың тұрғыны бар 2 ауылда, 3 мыңнан аса тұрғыны бар 2 ауылда, 1 мыңнан аса тұрғыны бар 26 ауылда мәдениет нысаны жоқ. Блокты-модульді клубтар салу бұл келеңсіздікті шешеді деген үміттеміз. Осыған орай 2023-2030 жылдар аралығында 40 жоба кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Тағы бір келеңсіздік, облыстағы 16 Мәдениет үйінде ауылдық әкімшілік, мал дәрігері, учаскелік полиция қызметкерлерінің кабинеті орналасқан. Бұл да шешімін күткен мәселенің бірі саналады. Мәдениет мекемелерінде орналасқан жоғарыда аталған мекемелер коммуналдық төлемін жүргізбейді. Бұл мәселелер алдағы уақытта оң шешімін табады деген ойдамыз.
Жиында бірқатар мәдениет мекемелерінің басшылары таныстырылып, оларға сенім білдірілді. Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жомарт Қаратас, облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхананың директоры Самал Шаяхметова, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Гүлжихан Жұмаханқызы, Талдықорған қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Әділ Алинов, Қаратал аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асқар Алпысбаев, салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жетісу облысы бойынша төрайымы Сәуле Ахмадиева атқарған қызметімен және алдағы жоспарымен бөлісті.
Соңында бірқатар мәдениет, архив, өнер қызметкерлері түрлі деңгейдегі марапаттармен марапатталды.
Қажет АНДАС