Шын жүректен ризамыз!

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 444
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір айтылған алғыс – адамның өзіне қарай жасаған бір қадамы, өзін-өзі тануы. Себебі, алғыс алушының ғана емес, алғыс айтушы адамның да ішкі жан дүниесі кеңейіп, мейірім шуаққа бөленетіні айтпаса да белгілі. Осы орайда «Айналайын» балалар үйіне барып, мейірімді жүрек иелерінің алғысын естіп қайттық.

Қара шаңырақта қазіргі таңда 88 бала тәрбиеленуде. Әр баланың өзіне тән қызығушылығы бар. Арманы айшықты, мақсаты айқын балалардың жүректерінен орын алған айтулы жандар жетерлік. Мереке сайын көңілдерін көтеріп, сыйлықтарын арқалап келетін рахымдылардың қатары көбейіп жатқаны көңілді көншітеді. 2015 жылдан бері қуаныштарына арқау болып жүрген Жетісу университеті ұжымы әр мейрам сайын бүлдіршіндер мен балаларға арнайы концерттік бағдарламамен барып тұрады. 

– Жыл сайын 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Жетісу  университеті шаңырағында «Шын жүректен» атты мерекелік концертіне балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері мен тәрбиеші – аналары шақырылып, балаларға керемет сыйлықтар табысталады. 2017 жылы Амангелді Толамисов балалар үйінің қамқоршылық кеңесіне мүше болып, 2020 жылы төраға болып сайланды. Қазір қызмет бабымен Астана қаласында болса да Жаңа жыл мерекесінде әр бала, ал 8 наурызда әр қызға жеке сыйлық алуы, кинофильмдердің тұсаукесер қойылымына апаруы дәстүрлі түрде жалғасуда. Сондай-ақ, сол кісінің бастамасымен «Достық» еріктілер ұйымы ай сайын балалардың туған күнін үлкен мерекеге айналдырады. Қамқоршыларымыз Амангелді Ғабдылкәрімұлы, Айна Маратқызы, Гүлнұр Алмұханбетқызы және еріктілер ұйымының барлық белсенділеріне алғысымыз шексіз! – деп Ульяна Федорович (суретте) өзінің алғысын білдірді.

Сондай-ақ, оларға қолдау білдіретін демеушілердің қатарында  «HappyCake» кондитерлік дүкен басшылары Ерлан Дүйсебаев пен Балжан Смағұлованың ұйымдастыруымен мекеме менеджері Алтынай Рымбекова балалардың туған күніне арнайы торт әзірлеп құттықтайды. Бұл бүгінде дәстүрлі үрдіске айналған. 

Айғаным АЙТМҰХАН