Жақсылық - жан шуағы

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 540
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алғыс айту күніне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Жетісу облысының орталығындағы бірнеше әлеуметтік қызметкерлерге ел атынан алғыс айтып, ізгі тілегін жеткізді

Шаһар басшысы алғыс айта барғандардың бірі – мүмкіндігі шектеулі балалардың қараушысы Жаңыл Сұлтанова болса, тағы бірі қарттардың  қамқоршысы Раушан Мұстапанова. 

Аталған азаматшаларға гүл шоқтарын сыйлап, Алғыс айту күнімен құттықтаған шаһар басшысы Ернат Дүсенбекұлы: - «Жалпы жақсылық - жан шуағы. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қауқарсыз қарияларға болысып жүрген азаматтар әрқашан үлкен құрметке лайық. Қазір Талдықорған қаласында 276 жалғызбасты қария, өздігінен жүріп тұруы қиын 114 жарым жан бала тұрады. Олардың барлығы өзгенің көмегіне зәру. Оларға кесте бойынша дәл сіздер секілді әлеуметтік қызметкерлер күтім жасайды. Сондықтан сіздерге құрметпен қарау біздің басты міндетіміз. Бүгінгі Алғыс айту күні жүректеріңіз мейірімге толы сіздердей еңбекқор жандарға айтар алғысымыз шексіз»,  – деді. 

Жаңыл Мұратқызы ұзақ уақыттан бері аймақтағы көптеген мүгедек балаға жүрек жылуын сыйлаумен келеді. Ол қарамағындағы әр жасөспірімнің жағдайына баса мән беріп, оқу үлгерімінен бастап  тұрмыстық, медициналық, писхологиялық көмек алуына дейін жәрдемесіп тұрады. Ал, Раушан Мұстапанованың  қарамағында  8 қария бар. Олардың ең кішісінің жасы 83-те болса, үлкені 97-де. Раушан әр қарттың үй шаруасымен бірге киім-кешегін, ыдыс-аяғын жуып, азық-түлік, дәрі-дәрмегін әкеліп беріп, коммуналдық төлемдерін жасайды. Раушанның күтіміндегі қарттардың бірі – 93 жастағы жалғызбасты Клавдия есімді әжей. Қарттың көп жүріп тұруға шамасы жоқ. Сол себепті жәрдемге мұқтаж. Раушан әжейге 2019 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Қария да Раушанның атқарған әр ісіне дән риза.

 

Айдын КӘЛІМХАН.