Су тасқыны жағдайын бақылау үшін 57 гидропост жұмыс істеуде

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 204
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында қазіргі кезде су тасқыны қаупі байқалмайды. Бұл туралы Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Департаменттің мәліметінше, су тасқыны жағдайын бақылау мақсатында өңірде 57 гидропост жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қар жамылғысы 15-20%-ды құрайды. Өзендердің өтімділігі және лайлылығы нормаға сәйкес. Өзендер бассейндерінде ылғалдың жиналуы мен қар қоры көпжылдық орташа көрсеткіштер шегінде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында облыс көлемінде 187 км арық желісі, 149 км каналдар және автожолдарда 2195 су өткізу құбырлары қар мен мұздан тазартылды. Елді мекендерден 17 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Сол сияқты 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізу мақсатында «2023 жылғы жазғы-күзгі кезеңдерге арналған инженерлік жұмыстар жоспарына» сәйкес 2,7 км су бұру арналарын және 2 км қорғаныс дамбаларын салу және жөндеу, 3 км өзендер мен каналдарды механикалық тазарту, 4,2 км су тасқыны қаупі бар өзендердің арналарын тереңдету, түзету және жағалауларын нығайту, сондай-ақ 2 су қоймаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Биылғы жылдың 8-9 ақпан күндері «Көктем-2024» республикалық-командалық штабтық оқу-жаттығулары шеңберінде облыс бойынша 590 м қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру, 310 м өзендердің арнасын механикалық тазарту, 80 м су бұру арналарын орнату және 1,4 км өзен арналарын түзету мен жағалауларын нығайту бағытында алдын алу іс-шаралары жүргізілді.

«Су тасқыны ахуалы күрделенген жағдайда қолдану үшін облыс бойынша 95 тонна жанар-жағармай қоры, 2,6 мың тонна инертті материал, 49 мың қап дайындалды, 1056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімі мен 7 жүзу құралдары әзір», - делінген Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.