ҚИЫНДЫҚҚА ҚАЙЫСПА, АДАЛДЫҚТЫ АР ДЕП БІЛ

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 285
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Адам баласы әуелден армандай алуы қажет. Есей келе мақсат пен мұратына сай жұмыс істегені маңызды. Сол жолдағы қиындықтар мен сынақтарда адалдық арына дақ түспегенін қадағалау керек-ақ. Осы орайда М. Жұмабаев атындағы №19 Талдықорған мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Бақыт Злобинмен кездесті.

Шара «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – оқушылардың жеке дамуын менторлық сүйемелдеу, балалар мен ересектерді әлеуметтендіру, кемсітушіліктің, зорлық-зомбылықтың және құқыққа қайшы мінез-құлықтың барлық түрлерінің алдын алу арқылы бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру.

Кездесу барысында Бақыт Злобин студенттік шағынан, білім алған оқу орындары жөнінде көсіле әңгіме өрбітті. Жас буынды мамандыққа адалдық керектігіне, сол жолда кездесетін әрбір қиындыққа төтеп беруге үндеді. Сондай-ақ, жиында адамгершілік, қайсарлық тұрысындағы пікірімен бөлісті.

Біздің заман толасыз ақпарат заманы. Бұл жерде өскелең ұрпақ жалған ақпарат пен шынайы ақпараттың ар-жігін тани білуі шарт. Оны үйрету біздің қолымызда деп айтқым келеді. Шара аясында балаларға мемлекеттік қызметке жас, креативті, жігерлі кадрлар қажет екенін түсіндіруге тырыстым. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке жол барлығына ашық екенін жеткіздім, – деді Бақыт Злобин.

Мамандықтың жаманы жоқ үйренем деген адам болса. Оған үйренген соң ең алдымен адалдық керегін кім кімнің болсын айтары ақиқат. Бастысы жемқорлықтан адам бойын ада ұстаса төртеуі түгел, алтауы ала болмасына кәміл иланатынымыз ақиқат.

Кездесуде оқушылардың да ойы ортаға салында.  Әртүрлі пікірлер айтылды.

– Бүгін мен мотивация сабағын алдым. Дәріскер бізге қиындықтармен қалай күресу керектігін, мақсаттарды қалай дұрыс қою керектігін және оларға жүйелі түрде жету керектігін айтты. Кездесу барлық тыңдаушыларға пайдалы болды деп ойлаймын, –  деді 10 сынып оқушысы Айша Қозыбаева.

Дана САНСЫЗБАЙ
ЖУ студенті
Суретті түсірген Мурат ТУГАНБАЕВ