Кейінгі 11 жылда алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басады

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 307
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне шамамен 6,5 млрд текше метрден астам су жіберіледі деп жоспарланған. Бұл көлем өзен жайылмаларының 90%-ын тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Telegram-дағы парақшасында жариялады.

«Аймақ Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін суды қабылдауға дайындалып жатыр. Биыл соңғы 11 жылда ең үлкен көлемде су келеді деп жоспарланған, 6,5 млрд текше метрден астам. Жайылманың 90%-ын дерлік су басады. Жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп барлық бөгетті тексеруде. Бөгеттерді жаңарту және жағалауды нығайту жұмыстары Павлодар қаласының Кенжекөл ауылы мен Атамекен кентінде, Ақсу қаласының МАЭС шағын ауданында, сондай-ақ, Май, Ақтоғай, Тереңкөл және Аққулы аудандарының жағалау бойында орналасқан ауылдарында басталды. Судың тұрғындарға зиянын тигізбей және өңірдің экожүйесі мен аграрлық секторы үшін барынша пайдалы болуын қамтамасыз ету – барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті», - деп мәлімдеді өңір басшысы.

Су босату шаралары сәуір айының ортасында басталуы мүмкін.

Сондай-ақ әкім қазір өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақталғанын, облыста әр түрлі дәрежеде 38 тұрғын үй зардап шеккенін хабарлады. Соның ішінде 24 үйдің иесіне келтірілген залалдың өтемақысы толық төленді. Қалған 14 үйдің иесі төлемді осы аптаның соңына дейін алады.

Фото: Наталья Зинченко/Kazinform