Айына 100 тонна қоқыс шығарылады

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 384
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында көктемгі тазалық жұмыстары әлі де жалғасуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қолға алынған іс-шараға аймақтағы әрбір мекеме қызметкерлері мен өңірдегі «ҚАЗАВТОЖОЛ», «ҚАЖсервис» саласының жұмысшылары да өз үлестерін қосуда.

Олар басқа да тазалық шараларына белсене атсалысумен бірге «Алматы-Өскемен» бағытындағы күре жолдың бойын үнемі тұрмыстық қалдықтардан тазартуда.

Жауаптылардың сөзінше, аймақта тазалық шаралары «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір Бұлақ» сынды бірнеше тақырыпқа бөлінген. Оған өңірдегі қарттар,  жастар, еріктілер және әрбір мекеменің қызметкерлері өз үлестерін қосуда. Шараға қатысушылар әр аумақты күл-қоқыстан тазартып, ағаш егіп, гүл отырғызуда.

 – «Бүгінде жол саласынан жүзге жуық адам «Алматы-Өскемен» бағытындағы көлік жолының бойында тазалық жұмыстарын жалғастыруда. Ай сайын осы жолдың жағасынан 100 тоннадан астам қоқыс шығарылады. Себебі, республикалық маңызға ие бұл күре жолмен әр күні 4 жарым  мыңға жуық көлік жүреді. Табиғатқа немқұрайлы қарайтын жүргізушілер мен жолаушылар көбіне сусын бөтелкесі мен темекі қорабын тастап кетеді. Қазір сенбілікке шыққандар өздеріне бекітілген бөліктегі жол жиегін негізінен тазалап, біршама ретке келтірді. Сондықтан көпшілікті жолда жүргенде экологиялық мәдениетті сақтап, жол бойына қоқыс тастамауға шақырамыз», -деді «ҚАЖсервис» мекемесіне қарасты жол пайдалану бөлімінің басшысы Серік Мұсаұлы.

Айдын КӘЛІМХАН